Аймақ басшысы отандық ауыл шаруашылығы ғалымдарымен кездесті
Аймақ басшысы отандық ауыл шаруашылығы ғалымдарымен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев отандық ауылшаруашылығы саласының ғалымдарымен кездесіп, аграрлық аймақтағы ауқымды мәселелер мен алдағы жоспарларды жан-жақты талқылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау керектігін, ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін, қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану қажеттігін баса айтқан болатын. Осыған айрықша назар аудартқан аймақ басшысы саладағы негізгі міндеттердің бірі – инновациялық амал-тәсілдерді қолға алу, ауыл шаруашылығы өндірісін агроғылыммен ұштастыру екендігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақ жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, профессор Теміржан Айтбаев алдағы уақытта ел аумағында алғашқылардың бірі болып Әулиеатада көкөніс бақша шаруашылығын құруға қатысты ұсынысын жеткізді.
Ербол Қарашөкеев көршілес қырғыз елінде де егістік жерлер көп болмағанымен тұқым өндіру ісі жоғары деңгейде жолға қойылғанын атап өтіп, ұсынысты қолдайтынын жеткізді. Қазақ ауыл шаруашылығы экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Ғалия Әкімбекова ел аумағында кооператив құру бойынша басқа өңірлерге әулиеаталық шаруашылық ұжымдарының ішкі механизмдерін пилоттық жоба ретінде көрсетсек деген ұсыныс білдірді. Ал, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Нұрлан Балғабаев жерасты суларын пайдалану, сор жерлерді қалпына келтіру бойынша ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, жерасты суларын пайдалану бойынша неше гектарға қанша қаражат кететіні де салалық министрлікке ұсынылған. Облыс басшысы аймақта 22 мыңнан 25 мың гектарға дейін пияз егілсе, соның тең жартысы тамшылатып суарылатынын, осы бағытта ұңғыма қазу жұмыстарына субсидияны 80 пайызға арттыру шаралары да орындалып жатқанын жеткізді. Сол секілді ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Жан Ниязбеков зиянкестермен, шегірткемен күрес жұмыстарына сала мамандары биологиялық, экологиялық және технологиялық жағынан дайын екенін айрықша атап өтті. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор Аюп Ысқақов шаруалардың біліктігіне қатысты ойын ортаға салды.
Басқосу барысында «KazOnimExport» корпорациясының төрағасы Алмасбек Байшекеев те шаруаларды жаңа «Сенім» бағдарламасына қатысуға шақырды. Айтуынша, бағдарлама механизмінде асыраушы саладағы өзекті мәселелердің барлығы қамтылған. Корпорацияға келген әрбір шаруа айлықпен, қажетті мамандармен, құрал жабдықтармен, жем-шөппен қамтылмақ. Алты жылдан кейін мал шаруалардың өзінде қалады екен. Аймақ басшысы аталған ұсыныс бойынша ауылшаруашылығы басқармасымен бірлесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Жиын соңында ғалымдардың ұтымды ұсыныстарын қолдайтынын жеткізген Ербол Қарашөкеев асыраушы салаға ғылыми жетістіктерді дер кезінде енгізудің маңыздылығын атап өтіп, жаңа жобалар мен айтылған мәселелерді саралауды орынбасары Қанатбек Мәдібекке тапсырды.