Қоғам

Тараздың туристік әлеуеті артуда

Тараздың туристік әлеуеті артуда

Өңірлік коммуникациялар қызметі және Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының ұйымдастыруымен журналистер үшін кезекті пресс-тур өтті. Ең алдымен журналистер туризм басқармасында орналасқан «Шебер Шаңырақ» мүгедектігі бар жандардың қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысты. Бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстары туралы төрайымы әрі негізін қалаушы Анар Бексұлтанова айтып берді. Бүгінде «Шебер Шаңырақта» 4 адам жұмыс істейді. Олар тоқыма тоқып, түрлі киімдерді де тігеді. Өнімдері жергілікті және шетелдік көрмелерде топ жарып жүр. Бірлестік қиын жағдайға тап болған аналармен жұмыс істеп, өмірге деген көзқарастарын өзгертеді. Мысалы, Анар ханым мамыр айынан қазан айына дейін 6 ай бойы мүгедектігі бар аналар үшін тоқымадан, құрақтан, жүннен курс өткізген. Курсқа 40 адам қатысыпты. Оның 10-ы осы өнерді әрі қарай алып кеткен.  width=  width=  width=  width=  width= Тілшілер барған көрген келесі нысан - «Әулие Ата» әуежайы. Әуежайға биыл маусым айында, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа келіп жатқан туристерді ақпараттандыру мақсатында,туристерге толық ақпарат беретін, бірегей туристік ақпараттық терминалдар орнатылған. Бұл терминалдар арқылы туристерге облыстағы қонақ үйлер, тамақтану орындары, көлік, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат бір терезе қағидаты бойынша ұсынылады. Бұдан соң, БАҚ өкілдері «Айша Бибі» кесенесін тамашалады. Мұнда 2020 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында туризм басқармасы Таразға келген туристер үшін «Ақпараттық дүңгіршектер» орнатқан. Дүңгіршектің міндеті - Тараз қаласы және оның туристік әлеуеті туралы ақпаратты қалыптастыру, тарату, туристерге әдістемелік және консультациялық көмек көрсету, өңіріміздегі туристік өнімді ұсыну. Келесі кезекте журналистер сәуір айында ашылған «Алмалы» демалыс орынына барды. Туристік аймақта келушілерге спорттық және сауықтыру, мәдени және ойын-сауық қызметтерінің толық спектрі ұсынылады. Кешен құрылымында шағын қонақ үйлер, монша, бассейн, балалар ойын-сауық алаңы, әкімшілік ғимараты, автотұрақ қарастырылған. Демалыс аймағында сәуірден бастап 4-ші қыркүйекке дейін 5 500 адамға қызмет көрсетіліпті. Оның ішінде шетелден келген туристер де бар. Қазір демалыс орыны жұмыс істеп тұрған жоқ. Себебі, келушілер легі жоқ.  "Фортис Констракшн" ЖШС бас директоры  Досан Рымтаев  мұны осы жерге алып келетін жолдың нашарлығымен байланыстырады. Жергілікті атқарушы органдар жол салып береміз деп уәде еткен. Дегенмен, әзірге нәтиже жоқ. Досан мырза алдағы жоспарларымен де бөлісті. Яғни, келер жылы пионер лагерін іске қоспақшы. Лагерь еуропалық стандарттарға сай, жоғары деңгейде болады деп отыр. Журналистер мемлекеттен айына 83 мың теңге субсидия алатын нысанмен де танысты.Ол үлкен жол бойында орналасқан  санитарлық – гигиеналық торабы. Жеке кәсіпкер Айдын Байнапасова бұл орынды ары-бері жолда жүрген жолушылар мен жүргізушілер  өздерін ретке келтіру үшін жасалғандығын айтады. Яғни, душ, дәретхана және жанында дәмханасы да бар. Бағасы да қолжетімді. Облыста кәсіпкерлік субъектілер шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес жыл басынан бүгінгі күнге дейін бойынша 12 санитарлық – гигиеналық тораптарды күтіп ұстауға субсидиялау жүзеге асырылуда. Айта кетейік, осындай пресс-турлар легі алдағы уақытта өзге де басқармаларымен жалғасады.