Жаңалықтар

Жамбылдық тұрғын есірткі жинау үшін фазендада малшы болған

Жамбылдық тұрғын есірткі жинау үшін фазендада малшы болған

«Допинг – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Байзақ ауданының 36 жастағы және Жуалы ауданының 44 жастағы тұрғындары аса ірі мөлшерде есірткі сақтады деген күдікпен ұсталды. Операцияны Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы бөлініс қызметкерлерімен бірлесіп, 2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне және нашақорлыққа қарсы күрестің кешенді жоспары шеңберінде жүргізді. Полицейлер Байзақ ауданында Қасқа байтал жайылымында 36 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы КамАЗ жүк көлігін тоқтатты. Жүргізушіден бөлек, көлікте Жуалы ауданының 44 жастағы тұрғыны болған. Ол жергілікті шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеген. Жауап алу кезінде ол марихуана дайындауға бел буғанын және осы мақсатта адам аз орын іздегенін, сондықтан шалғайдағы ауылдық жерге шопан болып жалдамалы жұмысқа тұрғанын айтты. Шопанды тінту кезінде пакеттен салмағы 3 келі 730 гр кептірілген марихуана, 185 гр 99 мг гашиш және 67 гр 34 мг каннабис шайыры табылды. Ал 36 жастағы жүргізушінің қалтасынан салмағы 5,88 грамм каннабис шайыры табылып, тәркіленді.