Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысына су беру туралы келісімге келді
Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысына су беру туралы келісімге келді
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесуі кезінде Шу және Талас өзендеріндегі мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияға тиісті тапсырма берілді. Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов елімізге су жіберуді жақсарту үшін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті. Мәселен, қазақстандық тарап осы тізбеге Күркіресу өзеніндегі құрылыстарымен «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төментамға» арналарын, Шу өзеніндегі «Колос» каналын және Талас өзеніндегі құрылыстарымен бірге «Кож» каналын енгізуді ұсынады. «Өздеріңіз білетіндей, биыл Жамбыл облысының шаруалары Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде суармалы су тапшылығын сезінді. Сондықтан осындай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды», – деді ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов. Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматы қаласында өтеді. Бұған дейін Нұржан Нұржігітов өзбекстандық әріптестерімен кездесуде 1 сәуірге дейін Түркістан және Қызылорда облыстарына 11,1 текше шақырым су, оның ішінде Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге келген болатын.