Бізді мемлекет пен халыққа адал қызмет ету міндеті біріктіруі тиіс! – Ербол Қарашөкеев
Бізді мемлекет пен халыққа адал қызмет ету міндеті біріктіруі тиіс! – Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыс бойынша «AMANAT» партиясының барлық деңгейлі мәслихаттардағы фракциясы мүшелерінің І-ші Депутаттар форумына қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде бұл жиынның рөлі қоғам үшін өте маңызды екенін баса айтты. Сондай-ақ, форумның жергілікті атқарушы органдар мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының пікір алмасуы, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылауға мүмкіндік беретін алаңы болатынына сенім білдірді. Айта кетейік, облыстағы барлық деңгейдегі 210 депутаттың 149-ы «аманаттықтар», оның ішінде 136-сы бірмандаттық жүйемен сайланғандар. - Құрметті депутаттар! Өңір мен қоғамның дамуы жолында жергілікті атқарушы органдармен қатар, сіздерге де үлкен жауапкершілік жүгі артылып отыр. Халықтың сенімі Сіздерге күш беруі тиіс. «АMANAT» партиясы мәслихаттардағы депутаттық фракцияның басым бөлігін құрауы, аудандық филиалдары үлкен күш болып табылады. Яғни, алға қойған міндеттеріңізді іске асыруға толық мүмкіндік бар. Баршамызды мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіруі тиіс. Қазір қоғамның талабы мен сұранысы артып келеді. Халық әкімдік өкілдері мен депутаттардан, мына Сіздерден мүмкін емес мәселені сұрап отырған жоқ. Сондықтан өзара үйлесімді жұмыс жүргізуіміз қажет. Ендігі кезекте, өздеріңізбен бірқатар бастамалармен бөліскім келіп отыр. Биыл 19 наурызда өткен Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауында «AMANAT» партиясы «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасын әзірлеп, оны іске асыру жөнінде өңірлік Жол картасын бекітті. Жол картасы өңірдің түрлі саласын дамытып, халықтың тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған. Бағдарламада көзделген межелердің орындалуына жергілікті атқарушы органдар тікелей жауапты. Бұл ретте, Сіздер жергілікті билік өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс жасап, Жол картасының нақты орындалуына атсалысу орынды деп санаймын. «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беруші Үкімет» қағидаты аймақтарда да көрініс табуы қажет. Осы орайда, партияның барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялар және партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестердің алаңында жергілікті атқарушы органдардың есептерін тыңдау үрдісін жүйелеуді ұсынамын,-деді Ербол Қарашөкеев. Сондай-ақ, аймақ басшысы сайлаушылармен кері байланысты күшейту, партиялық жобалардың орындалуы, өзекті мәселелелерді ашық көтеру, олардың шешілуіне ықпал ету, әлеуметтік желіде белсенділік танытудың маңыздылығын баса айтты. Келесі кезекте сөз алған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов партияның мәслихаттардағы депутаттық фракциясының жұмысы және алда тұрған міндеттер туралы баяндады. Ал, экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша Жол картасының орындалу барысы туралы жан-жақты тоқталды. Бұдан соң, форум жұмысы түрлі сала бойынша панельді сессиялармен жалғасып, облыс әкімі орынбасарларының баяндамалары тыңдалып, бірқатар ой-ұсыныстар талқыланды.