Хостелдегі өрт: 13 адам қаза тапты
Хостелдегі өрт: 13 адам қаза тапты
30 қараша күні сағат 05:33-те Алматы қаласы Әди Шәріпов көшесіндегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Бірінші өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 7 минут ішінде келді. Өрт сөндірушілер келген кезде үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесі жанып жатты. Тұрғын үйдің 1-қабаты мен жертөле үй-жайы хостел ретінде қайта жабдықталған. Өрттің жалпы алдын ала ауданы 30 шаршы метрді құрайды. Қабылданған шаралармен өрт сағат 06:22-де сөндірілді. Өртті барлау және сөндіру барысында алдын ала 13 адам қаза тапты, жеке бас мәліметтері анықталуда. Алдын ала мәлімет бойынша улы газбен улану салдарынан қайтыс болған.
- Алдын ала мәлімет бойынша хостелде 72 адам болған. Оның 59-ы өздігінен эвакуацияланды.
- Өрт болған жерге Алматы қаласы ТЖД 46 адам және 14 бірлік техника жұмылдырылды.
- Өрт пен адамдардың қайтыс болу себебі анықталуда.