Жаңалықтар

Жамбыл облысында 6 200-ге жуық ата-ана жауапқа тартылды

Жамбыл облысында 6 200-ге жуық ата-ана жауапқа тартылды

  Жамбылдық полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыз жүрудің және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында күн сайын профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Тәртіп сақшылары жастардың көп шоғырланатын және ойын-сауық орындарын тексереді, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдердің үйлеріне барады. Қазіргі таңда полиция бөлімшелерінде 341 жасөспірім және 336 тұрмысы нашар отбасы, 60 ата-аналық құқығынан айырылған немесе шектелген ата-ана есепте тұр. Жыл басынан бері полиция бөліміне түрлі қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 6937 кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілді. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 339 ата-ана, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерлерде заңды өкілдерінсіз жүргені үшін 6 200-ге жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу тақырыбында жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. – Біздің мақсатымыз – балалармен сенімді қарым-қатынас орнату. Ол үшін ата-аналар отбасында балаларына полиция қызметкерінің қиын уақытта әрдайым көмекке келетін досы әрі қорғаушысы екенін түсіндіруі өте маңызды. Себебі, кәмелетке толмаған жасөспірімдер өз құпияларын ата-аналарына қарағанда полиция қызметкерлеріне сеніп айтқан жағдайлар аз емес. Бұл өз кезегінде болуы мүмкін бiрнеше ауыр жағдайлардың алдын алуға көмектесті, – деді Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев. Сонымен қатар полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға түнде болуға тыйым салынған ойын-сауық орындарына тексеріс жүргіздi. Мұндай мекемелердің 199 әкімшісіне заң бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Оларға 2 миллион 928 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.