Жаңалықтар

Мердігерлер енді қолдан қымбатшылық жасай алмайды – Көлік министрлігі

Мердігерлер енді қолдан қымбатшылық жасай алмайды – Көлік министрлігі

Өңірлер бойынша кезекті жұмыс сапары барысында көлік министрі Марат Қарабаев Жезқазғаннан Қызылордаға республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту учаскелерін қарау үшін автокөлікпен жүріп өтті. Қызылорда облысында China Civil Engineering Construction Corporation мердігерлік ұйымының базасында ведомство басшысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және 5 құрылыс компаниясының қатысуымен үлкен кеңес өткізді. Ұзындығы 208 км «Қызылорда-Жезқазған»трассасын реконструкциялау жобасын ЕҚДБ қаржыландырады және жолды III техникалық санаттан II техникалық санатқа ауыстыруды көздейді. Қазіргі уақытта жаңа асфальтбетон жабыны бойынша 85 км қозғалыс ашылып, жұмыстарды 2024-2025 жылдары толық аяқтау жоспарланған. «Қызылорда-Жезқазған» жобасы 6 учаскеден құралған. 2021 жылдың соңында 67 шақырымнан 216 км-ге дейінгі төрт учаске бойынша келісімшарттарға қол қойылған. Мердігерлеркомпания аталған учаскелерді 2024 жылы тапсыруы керек. 1 және 2-учаскелер бойынша конкурс берілген өтінімдердің ЖСҚ сомасынан асып кетуіне байланысты қайта өткізілді. Нәтижесінде «Қызылорда қаласын айналып өту құрылысы» №1 учаскесі басқа қаржыландыру көзі арқылы іске асыру үшін ЕҚДБ келісімі бойынша жобадан алынып тасталды. №2 учаске бойынша келісімшартқа 2023 жылдың мамыр айында қол қойылған, алайда мердігер ұйымдар тарапынан жоба құнын ұлғайту қажеттілігі туралы мәселе көтерілуде. Осыған байланысты құрылысшылармен әңгімелесу барысында Қазақстандағы жол жобаларын қаржыландырудың аталған мәселелері мен жаңа тәсілдеріне басты назар аударылды. Атап айтқанда, Марат Қарабаев мердігерлерге бұдан былай жол жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауларына жол берілмейтінін қатаң ескертті.

Ол сондай-ақ ҚР Көлік министрлігі өз тарапынан жобалар құнының қымбаттауынан өзге басқа барлық мәселе бойынша жол құрылысшыларына әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Марат Қарабаев мемлекеттік орган теріс тәжірибесі бар компаниялар Қазақстанның жаңа жол жобаларына қатыса алмайтындай етіп заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашы болғанын айтты.

Сондай-ақ ведомство басшысы мердігер ұйымдарға жобаларға толыққанды дайындықпен кірісу қажет екенін еске салды.