Жаңалықтар

Агроөнеркәсіптегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту - негізгі міндеттердің бірі

Агроөнеркәсіптегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін ұлғайту - негізгі міндеттердің бірі

Биыл Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 25,1 млрд теңге субсидия бөлінді. Оның 4,4 млрд теңгесі республикалық, қалған 20,7 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен құйылды. Өңір әкімі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, осы қаражат есебінен көптеген шаруа іске асты.

Биыл облыста суармалы су тапшылығы мәселесіне байланысты жалпы ауданы 9,2 мың га  392 шаруа қожалығының егістік жерлері зардап шеккені белгілі. Шаруалар шығынын өтеу үшін ҚР Үкіметінің төтенше резервінен 3,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 358 ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер 2,7 млрд теңге қаражат алды. Қазір Жамбыл облысында агроөнеркәсіп саласында 7 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Олардың жалпы сомасы 8,6 млрд теңгеге тең. Бұл бастаманың арқасында көкөніс сақтау қоймаларының қуаты 41 мың тоннаға, сүт өңдеу кәсіпорындарының қуаты 7 мың тоннаға ұлғаяды. Ал, ет өндірісі 7,5 мың тоннаға артпақ. Дәл қазір Жамбыл облысы агроөнеркәсіп өнімі көлемі бойынша республика өңірлері арасында 6 позицияға тұрақтады. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін қазіргі 499 млрд теңгеден 535 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделген.