Абай облысында Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды
Абай облысында Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды
Жоба Президент Қ.Тоқаевтың еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жаңа желіні салу барысында Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. Жалпы Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Теміржол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Ауқымды жоба жеке инвестордың қатысуымен МЖӘ қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алу жоспарлануда. Жергілікті қамту кем дегенде 85% құрайды деп күтіліп отыр. Премьер-Министр былтыр теміржолдармен тәуелсіз Қазақстанның 30 жылындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, 245 млрд тонна-километрді құрағанын атап өтті. Мұндай жоғары қарқын геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр.
Қазіргі таңда өткізу мүмкіндігі мен инфрақұрылымдық қуат өз шегіне жетті. Осы стратегиялық маңызды мәселені шешу үшін теміржол саласында бірқатар инфрақұрылымдық жобалар бар. Олардың қатарында Достық – Мойынты, Дарбаза – Мақтаарал және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол желілерінің құрылысы мен басқа да жобалар іске асырылуда. Алдағы үш жылда республикада барлығы 1300 шақырымнан астам теміржол салынады. Премьер-Министр магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз ететінін атап өтті. Кеніштерді игеру және жүктерді түсіріп-тиеу бекеттерін ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.