Тоқаев Қазақстан шахмат федерациясының президентін қабылдады
Тоқаев Қазақстан шахмат федерациясының президентін қабылдады
Ақорданың ресми сайтының жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа жуырда Қазақстанда Халықаралық шахмат федерациясымен (FIDE) бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық турнирлердің қорытындысы жөнінде мәлімет берілді. Тимур Турлов федарацияның алдағы кезеңге арналған жоспары туралы айтты. Атап айтқанда, федерация еліміздегі шахмат секцияларының санын 2 есе, яғни 7 мыңнан 14 мыңға дейін ұлғайтуды, шахматты одан әрі дәріптеу жұмыстарын жалғастыруды, осылайша зияткерлік ұлт қалыптастыруға үлес қосу жөніндегі Президент тапсырмаларын орындауды көздейді. Сондай-ақ федерация Қазақстан құрамасы көшбасшыларының әлеуетін танытуды, жаңа чемпиондарды тәрбиелеп шығаруды мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысына әлем чемпионы атағы үшін биыл 7 сәуір мен 1 мамыр аралығында Астанада өтетін шахмат жарысына даярлық барысы туралы баяндалды.