Жаңалықтар

Бюджет 2024: Президент пен премьердің жұмысына қанша жұмсалады?

Бюджет 2024: Президент пен премьердің жұмысына қанша жұмсалады?

Республикалық бюджеттің мемлекеттік сипаттағы жалпы шығынында «мемлекет басшысының жұмысын қамтамасыз ету» бағытында 2024 жылы 18,4 млрд теңге жұмсалатыны көрсетілген. Ал 2025 жылы бұл шығын 15,3 млрд теңгеге азаяды. 2026 жылы 15,3 млрд теңге деңгейінде қалады. Бұл қаражаттың мақсатты жұмсалуына Президент әкімшілігі жауапты. Ал Қазақстан премьер-министрінің жұмысын қамтамасыз ету қызметтеріне 2024 жылы 4,3 млрд теңге бөлінеді. Одан бөлек премьер-министр аппаратының мемлекеттік мекемелерді фельдъегерлік байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтеріне 1,7 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылы бұл шығындар тиісінше 4,4 млрд теңге және 1,8 млрд теңгеге ұлғаяды. 2026 жылғы үкіметтің бұл бағыттағы шығыны 2025 жылғы деңгейде қалады. Еске сала кетейік, осы айдың басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекіткен еді. 2024-2026 жылғы республикалық бюджет туралы заңның түсім, яғни табыс бөлігі 20,1 трлн теңгені құрайды. Бюджетке негізгі табыс салық түсімінен келеді (15,7 трлн теңге). Табыстың негізгі көзі – табыс салығы, корпоративті табыс салығы, тауар, жұмыс, қызмет үшін салынатын ішкі салықтар, қосымша құн салығы, акциздер және тағы сол сияқты салық түрлері. 2024 жылы бюджеттің шығыны түсімінен көп – 23,3 трлн теңгені құрайды. Яғни, бюджет дефициті 3 трлн теңгеден асады.