Қордай ауданында жаңа архив ғимараты пайдалануға берілді
Қордай ауданында жаңа архив ғимараты пайдалануға берілді
Қордай ауылында «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің жаңа ғимараты ашылды. Аудандық архив қызметкерлері көптен күткен қуанышқа кенелді. Аудандық архивтің ашылу салтанатын аудан әкімі Бегзат Болатбеков бастап, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Ерлан Жүнісбай, аудандық «Аманат» партиясының төрағасы Бейқұт Жамангозов, Жамбыл облысы, Қордай ауданының зиялы қауым өкілдері, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстық архивтерінің басшылары, Алматы, Шымкент, Тараз қалалық және аудандық архивтерінің басшылары, облыстық архив саласының ардагерлері құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауы да оқылды. Іс-шараның құрметті қонақтары осы саланың ардагерлері мекеменің лентасын қиып, әжелер шашу шашты. Аудандық архив ғимаратының құрылыс жұмыстарын «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-і жүргізген болатын. Қазіргі таңда «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» КММ-нің директорі Қатира Уәлиева бастаған барлығы 13 қызметкер жұмыс жасайды. Заман талабына сай салынған ғимараттың іші де заманауи техникалармен қамтамасыз етілген. Архив ғимараты 2 қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 821,5 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта құжаттарды қабылдау бөлмесі, арнайы қоймалар және де мәжіліс залы бар.