2024 жылы баспана бағасы қандай болады?
2024 жылы баспана бағасы қандай болады?
Статистика қандай?
Жыл өткен сайын қазақстандықтар үшін үй алу «алыстап, қиындап» бара жатқандай. Айтпақшы, көбі зейнетақы қорынан алған ақшасын алғашқы жарна ретінде немесе ипотеканың бөлігін өтеуге – жалпы үй алуға пайдаланып, «жыртығын жамады» деуге болады. Одан қалды «7-20-25-тің» «қызығын көргендер де» көп. Бірақ одан кейін елімізде үй алғандар азайған. Бұған дәлел сандар бар. Мысалы, Статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылғы қарашада тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 727 мәміле тіркелген. Оның ішінде, 7 579 – жеке үй, 24 148 пәтер сатып алынған. Бұл көрсеткіш былтырғы қазанмен және 2022 жылдың қарашасымен салыстырғанда да аз. Мысалы, қазанмен салыстырғанда (32 975) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,8%, ал 2022 жылдың қарашасымен салыстырғанда 6,1% қысқарған. Ал, басқа өңірлерге қарағанда, Астана мен Алматыда үйдің қымбат екені бәріне мәлім. Жылдық мәндегі азаюдың ең жоғары көрсеткіші Астана қаласында (18%-ға) тіркелсе, Қызылорда облысында пәтерлер көбірек сатылған (31,5%). Сатып алушылар азайғанымен, 2022 жылғы құлдырауға қарамастан, елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны қайтадан өсе бастады: 2023 жылдың 8 айында жаңа ғимараттардың ауданы 13%-ға артты. Бірақ, сұраныс пен ұсыныстың ауытқуына қарамастан, шаршы метрдің бағасы төмендемейтін сияқты. Керісінше, олар былтыр да артты.
Қауымдастықтың мәліметінше, 2023 жылдың басынан бері Астана мен Алматыда үй көптеп салына бастаған. Олар сәтті аяқталса, бұл қалалардағы тұрғын үй қорын кем дегенде 1,5-1,7 және 2-2,5 миллион шаршы метрге ұлғайтады. Дегенмен елімізде баспанаға мұқтаждар көп болған соң, бұл үйлер де аздық етеді.
Баға қалай өзгерді?
Статистикаға қарасақ, 2023 жылы жаңа баспананың құны 5,7 пайызға өссе, қайталама нарықтағы пәтерлер 3,9 пайызға төмендеген. Нарық заңына сүйенсек, сатылымда қандай тауар көбейсе, ол тауар арзандайды. Алайда үй қанша көп салынса да, арзандамай келеді. Дегенмен сарапшылар құрылыс қарқыны бәсеңдейді деп отыр. Оған себеп көп. Сарапшылар оны шешу үшін ипотеканы қолжетімді етуді ұсынады.
Мемлекет не істеп жатыр?
Мемлекет тарапынан баяғы шаралар жалғасып жатыр. Белгілі бір категориядағы азаматтарға жалға берілетін үй, кезекпен баспана беру және басқа қолдау бар. Ал банктердің ипотекасына тоқталсақ, пайызы қымбат. Бұл ретте Отбасы банкі «9-20-25» бағдарламасын ұсынды. Оның шарты бүгінге дейін толық нақтыланбаған, жуырда белгілі болады. Алайда оны күтіп жүргендер көп.
Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазіргі жағдайда 9 пайыздық жарнаның өзі төмен деп саналады және бағдарламаға жылына 150 млрд теңге қаражат бөлінеді деп жоспарланған. Несие 8 мың адамға қолжетімді болады.
Алайда, сарапшылар бұл бағдарламаның өзі көпшіліктің қалтасын қағады және оны алу қиын болады деп болжады.
Құрылысшылар бұл бағдарламаға пайдалануға берілген бастапқы тұрғын үйді ғана емес, үлестік қатысу тетіктері аясында салынып жатқан үйді де қосуды ұсынды. Яғни, Қазақстан тұрғын үй компаниясынан кепіл алып, салып жатқан үйлерді де «9-20-25» арқылы ипотека рәсімдеуге қосуды айтып отыр. Осылайша салынып жатқан үй бағасы арзандау болады әрі бұл құрылысшыларға да тиімді болары анық дейді.