Жаңалықтар

Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын 42 спортшы қорғайды

Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында ел намысын 42 спортшы қорғайды

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті мәлім еткендей, жасөспірімдер құрамасы жеті спорт түрінің бесеуінен ел намысын қорғамақ. Осыған орай, бүгін Астанада Ұлттық Олимпиада комитеті (ҚР ҰОК) мен Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің бірлескен жиыны өтіп, ұлттық құрама команданың алдағы қысқы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу мәселесі қаралды. Жұмыс отырысы жақында Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті бірлесе ашқан жедел орталықта өтті. Орталықта жас спортшылардың Канвондағы нәтижелеріне жедел мониторинг жасалады. Кейін аталған Жедел орталық 2024 жылғы Париж Олимпиадасына дайындық кезеңінде жұмыс істемек. 2024 жылғы жасөспірімдердің қысқы Олимпиадасына құрама команданың дайындығы туралы ведомство басшылары, бас бапкерлер мен мемлекеттік жаттықтырушылар мәлімдеп, қазіргі таңда жасөспірімдер құрамасы дайындықтың соңғы кезеңін өткізіп жатқанын хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы биыл 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтеді. Ал Францияның Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтсе, ХVІІ Жазғы Паралимпиада биыл 28 тамыз - 8 қыркүйек аралығында өтеді.