ТОЛЕРАНТТЫ КӨЗҚАРАС ПЕН КЕҢПЕЙІЛДІЛІК — ДІНАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ
ТОЛЕРАНТТЫ КӨЗҚАРАС ПЕН КЕҢПЕЙІЛДІЛІК — ДІНАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ ТІРЕГІ
Қазақстан - тұрақтылық пен келісімді, түрлі этнос өкілдерінің өзіне тән құндылықтарын сақтау арқылы жалпыұлттық бірлікті нығайта отыра түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын дәлелдеген мемлекет. Әрі дін өкілдері арасында өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге үлгі етіп келеді. Бұған тағы бір мысал елімізде әр үш жыл сайын елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің өтетіндігі. Дінаралық түсіністік, сыйластық – уақыт талабы екендігі баршаға мәлім. Тарих бетіне көз жүгіртсек, Қазақ елі әрқашанда түрлі халықтардың діни дәстүрлерінің, мәдениеттері мен өркениеттерінің тоғысатын мекені болған. Бүгінгі күнге дейін сол қалпында жалғасын тауып келеді. Жалпы алғанда егер дін қоғамда өзінің функциясын дұрыс атқарса, онда ол елде бейбітшілік орнайтыны анық. Мәселен, Жамбыл облысында түрлі наным-сенімді ұстанатын көптеген этностар мен діни конфессиялар жарасымды өмір сүріп, өңірдің саяси тұрақтылығына, экономикасы мен мәдени дамуына жұмыла үлес қосып келеді. Бұл туралы теолог Әбілқайыр Сабырұлы былай дейді: – Жамбыл облысында түрлі діни конфессиялар бар. Мәселен, христиан және ислам бағытындағы. Жалпы Жамбыл облысында дінаралық кикілжіңдер болған емес. Өйткені, мемлекеттің ұстанып отқан саясаты толеранттық көзқараста. Мәселен, ислам, христиан, иудаизм бәрі «Авраам діні» деп аталады. Яғни, олардың бәрінде адамды мейірімділікке, жақсылыққа шақыратын тұстары ұқсас. Ал қарама-қайшылықтарға келетін болсақ, бізде әр діннің ішінде басқа бағыттары бар. Мәселен, христиандарда православ, католик және протестанттар деп бөлінеді ғой. Бірақ солардың ішінде де өзгеше пайым, түсінігі бар неохристиандық бағыттар бар. Бірақ облыста діни ұстанымдағы азаматтардың көбі мұсылмандар мен христиандар. Жалпы жағдай конфессияаралық қарым-қатынас тұрақты, - дейді ол. Толерантты көзқарас пен кеңпейіл түсініктің арқасында қазіргі қоғамда діндері алуан түрлі, ұлттары мен тілдері басқа, әдеп-ғұрыптары сан түрлі халық өкілдері тату-тәтті бейбіт ғұмыр кешіп жатыр. Айталық, тарихи дәстүрлі діндердің ғибадатханаларының терезелері мешіттермен тең тұр. Сонымен қатар Қазақстан халықтары Ассамблеясының негізінде әртүрлі этнос өкілдерінің тілдері мен әдет-ғұрыптары сақталып, діни сенімдеріне бостандық беріліп келеді. - Мәселен, тарихқа көз жүгіртетін болсақ жалпы барлық діндер арасында әу бастан дипломатиялық қарым-қатынас орнағанын көруге болады. Яғни, әр ұлт өкілінің өзіне тән өмір сүру салтын басқа конфессиялармен салтырып қарағанда қарама-қайшы тұстары болса да бұл бір мекенде қоныстануға кедергі келтірмеген, - дейді исламтанушы Камила Мырзабаева. – Құран кәрімде мұсылмандарға яхудилерге (еврейлер) қарағанда насранилер (христиандар) жақын деп айтылған. Ал мұсылмандар мен христиандар арасындағы айырмашылықты қауырсынның қалыңдығымен салыстырған. Неге біздің айырмашылығымыз аз? Өйткені түп қайнар көзіміз бір. Яғни, жаратушыдан келдік. Сондықтан бізді «Кітап иелері» деп айтады. Олар кімдер: еврейлер, христиандар мен мұсылмандар. Сонымен қатар ислам терминологиясында «Иллахи діндер» деп аталады. Бізде иман, амал, мораль бір. Мәселен, бір-бірімізден сен не жеп жатырсың немесе мен не жеп жатырмын деп сұрамаймыз. Егер олай болса арада кикілжің пайда болар еді. Бірақ біз бәріміз алдымен сеніміне қараймыз және оған құрмет көрсетеміз. Біз полиэтникалы қоғамбыз. Яғни, бір мекенде немістер де, гректер де, орыстарда тұра береді. Біздің қоғамда ешқашан дінаралық кикілжің болған емес, - дейді ол. Жалпы жер жүзі барша адамзатқа ортақ мекен. Тату-тәтті өмір сүру бәріміздің алдымызда тұрған аса күрделі мәселе. Көпұлтты, көпконфессиялы, әлденеше мәдениеттер тоғысқан мемлекетте 140 этнос бейбітшілікте және келісіммен өмір сүріп жатыр. Ал ислам, христиан, буддизм, иудизм діндерінің атақты жетекшілері Астана қаласын әлемдік діндер съезін жүргізуге болатын қала ретінде мойындады. Демек, бұл Қазақстанның ғаламдық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту мен әлемдік татулықты күшейтуге қосқан үлкен үлесі деп бағалауға болады.