Жаңалықтар

Жаңа өндіріс пен инновациялық жобалар – экономикалық өркендеудің негізі

Жаңа өндіріс пен инновациялық жобалар – экономикалық өркендеудің негізі

Жамбыл облысында өнеркәсіп саласында 859 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындарда 2023 жылы 847,7 млрд.теңгенің өнімі өндірілген болатын. Облыстың өнеркәсіп құрылымында өңдеу өнеркәсібі басымдыққа ие (71,2%), тау-кен өндірісі 12,6%, электрмен жабдықтау 15,5% үлесті алып отыр. Президентіміз – Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметтің кеңейтілген отырысы барысында баса айтқан еліміздің жалпы ішкі өнімін жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуін қамтамасыз ету үшін салада біршама қарқынды шаралар атқаруымыз қажет. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану арқылы жаңа өндіріс орындарын ашуда инвестиция тартуды одан ары жандандыру міндеті тұр. Жалпы, 2027 жылға дейін құны 2,5 трлн. теңгені құрайтын 70 жоба іске қосылып, 6362 жұмыс орны ашылуы жоспарлануда. Аталған жобалардың ішінде ірі инвестициялар: «ЕврХим Қаратау» ЖШС (400 млрд.теңгеге минералды тыңайтқыштар өндірісі), «Qazaq soda» ЖШС (144 млрд.теңгеге кальцийлендірілген сода өндірісі), «Корцем» ЖШС (50 млрд.теңгеге цемент өндірісі), «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС (30 млрд.теңгеге химиялық қосындылар), «ZHANASHYR PROJECT» ЖШС (67 млрд.теңгеге тау-кен өндірісі), «Тас Маркет» ЖШС (50 млрд.теңгеге кремний өндірісі) т.с.с. компаниялар тарапынан жүзеге асырылады. Аталған жобалар облысымыздың экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етіп қана қоймай, озық технологиялар енгізіп, қауіпсіз өндіріс құрулары қажет.   Алдағы уақытта Ұлттық инфрақұрылым жоспарына біз өз тарапымыздан ұсыныс беру арқылы облысымызда іске асатын барлық инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жүргізіледі. Өңірде бос немесе игерілмей отырған кен орындарын заманауи, озық технологияларды енгізетін, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға ниетті компанияларға ұсыну бойынша жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады.   Өздеріңізге белгілі, облысымыздағы жұмыс істеп тұрған ірі зауыттарымыздың көпшілігінде орнатылған жабдықтар ескірген. Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай кәсіпорындардың жұмысына қатаң бақылау жасап, бұл өндірістердің техникалық жағдайына, ондағы Еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге назар аудару қажеттігін айтып өтті. Сондықтан, біз осындай өндірістерге кешенді жаңғырту, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында инвестиция тартуды ұйымдастыруымыз қажет. Жалпы, қолданыстағы өнеркәсіп өндірістерін кеңейту, жаңа өнімдер шығарып, импортқа тәуелділікті төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мысалға алсақ, Мойынқұм ауданында орналасқан «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС алдағы уақытта цемент өндірісінің көлемін 100 мың тоннаға арттыруға 8 млрд.теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Тараз қаласындағы «Жамбылгипс» АҚ құрғақ қоспалар өндірісін 80 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін және гипсокартон өндірісін жылына 2 млн. текше метрден 3 млн. текше метрге дейін ұлғайтуға 200 млн. теңге инвестиция салатын болады. Осы сияқты, облысымыздағы «Қазфосфат», «ҚазИрАгро», «Talas Investment Company», «Super Pharm», «Амир и Д» сияқты кәсіпорындарда да қосымша қуаттылықтар іске қосылып, облыстың ғана емес алыс-жақын шет мемлекеттерге отандық өнімдерді өткеру қолға алынуда.   Жалпы, өнеркәсіп саласындағы өндіріс орындарында проблемалық мәселелердің ең бастысы ол – өндіріске қажетті газ және электр энергиясы көлемінің жетіспеушілігі. Қазіргі уақытта облыста іске асырылатын жобалар мен қолданыстағы зауыттарға қосымша 2,4 млрд.м3/сағ газ көлемі және 11,2 млрд. кВтсағ/сағ электр энергиясы қажет. Бұл проблемалық мәселенің шешімі бойынша орталық мемлекеттік органдармен қажетті жұмыстар атқарылуда. Қорыта келе, мемлекет басшысының жаңа Үкімет алдында қойған маңызды міндеттерді іске асыруда облысымыздың  индустрия саласында мықты орта кәсіпкерлікті қалыптастырып, алдағы бес жылда өндіріс қарқыны жағынан ТМД-да көш бастайтын кәсіпорындар құруда барынша күш салынатынын айтқым келеді.