Жаңалықтар

Жаңа өндіріс пен инновациялық жобалар – экономикалық өркендеудің негізі

Жаңа өндіріс пен инновациялық жобалар – экономикалық өркендеудің негізі

    Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалатынын атап өтті. Осы отырыста Президентіміздің тарапынан Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылау, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, бір ай ішінде Экономиканы ырықтандыру (либеризация) туралы Жарлықты әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Мемлекет басшысы осы жиында еліміздің экономикасының даму бағытындағы бірқатар салалардың бүгінгі күндегі даму деңгейімен қатар, күн тәртібіне қойылған жоспарлы жобалардың жүзеге асуына айрықша тоқталып өтті. Мәселен, атап айтар болсақ Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді талап етті. - Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көру керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар. Дегенмен бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Рас, жаңа өндіріс пен экономикалық өркендеу бағыты бүгінгі таңда елімізде күрделі мәселеге айналып отырғаны ақиқат. Бұл күрделі мәселеден біздің де облысымыз тысқары емес. Өндіріс саласында біздің өңірдің күйі баршамызға белгілі. Мәселен, Жамбыл облысы «5 жылдық даму» («2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму) бағдарламасының аясында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. былтырғы жылдың бірінші жарты жылдығында әлеуметтік-экономикалық дамуының нәтижелерінен біз де хабардар болдық. Мысалы: Негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері облыстың жалпы өңірлік өнімі; Өңдеу өнеркәсібінің даму көрсеткіші; Химия өнеркәсібі; Азық-түлік өнімдерін өндіру; Машина жасау; Жеңіл өнеркәсіп; Индустриялық жобалар; Тау-кен қазу өнеркәсібі; Металлургия өнеркәсібі; Ауыл шаруашылығы; Агроөнеркәсіп кешені нысандарына көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары; Өзге салаларды дамыту үшін жасалып жатқан шаралар. Міне осы бағыттағы облысымыздың экономикасын көтеретін салалардың жұмысын жүйелеу жобасын күшейткен жөн. Атап көрсеткен салалардың былтырғы жылғы атқарған жұмыстары кенжелеп қалды дей алмаймыз. Дегенмен де биылғы жылы аталған бағыттағы жобалы жұмыстардың қарқынын күшейтуіміз қажет-ақ. Президентіміз де осыны талап етіп отыр. Өйткені, Мемлекет басшысы да кешегі кеңейтілген Үкімет отырысында Жаңа өндіріс пен инновациялық жобаларға байланысты былтырғы жылы арнайы жаңа министрліктің құрылғанын және олардың қазіргі уақытта жоспарлы жұмыс жобаларының тізімі болғанымен ешқандай да жүзеге асыра алмай жатқанын, нақты жұмыстардың аяқталмағанын тілге тиек етті. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс деп нақты пікірін айтты. Сондықтан Республикамыздың экономикасын алға дамытуымыз үшін Президентіміздің тапсырмасын бұлжытпай орындауымыз қажет-ақ. Оған біздің Жамбыл облысы да өз аймақтық экономикасын дамыту, ілгерілету арқылы зор үлес қосатыны бүгінде саналы азаматтарға түсінікті деп ойлаймын.