Жаңалықтар

Бетқайнар ауылында мәдениет үйі ел игілігіне берілді

Бетқайнар ауылында мәдениет үйі ел игілігіне берілді

Бүгін Қордай ауданындағы мәдениет ошақтарының саны тағы бір нысанмен толығып, Бетқайнар ауылында 180 орындық екі қабатты жаңа мәдениет үйі ашылды. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен бөлісті.   – Ең алдымен баршаңызды бүгінгі 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Осындай айтулы күні ашылып отырған жаңа мәдениет үйі ауыл халқының бос уақытын тиімді өткізуіне себеп болумен қатар, олардың көпшілігін тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін болады. «Тарихын білген төбеге көтеріледі, мәдениетін білген мәртебелі болады», дейді халқымыз. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!,- деді Дамира Маратқызы.   Ауыл ақсақалдарының атынан сөз алған С.Сайбиров жаңа мәдениет үйі жастардың рухани дамуына жол ашатын, ауыл жұрты жақсылыққа жиналатын орын болсын деген ақ батасын берді. Осыдан кейін ғимараттың символикалық қызыл лентасы қиылып, жиналған жұрт мәдениет үйінің ішін аралап көрді.   Айта кетейік, мәдениет үйінің құрылысын «Нұр Тұрсын» ЖШС жүргізген болатын. Жалпы сметалық құны 370 984,0 млн теңгені құраған заманауи ғимаратта ауыл балаларына арналған бес үйірме бөлмесі, кітапхана, кең концерт залы, сондай-ақ екінші қабатқа көтерілетін лифт бар. Ауыл ажарын көріктендіре түскен бұл нысан алдағы уақытта кейінгі ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беретін мәдени орынның үлгісі болмақ.