Жаңалықтар

2024 жыл Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығына биыл 5 жыл.

2024 жыл Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығына биыл 5 жыл.

Зиялы қауым өкілдерінің сұранысымен Жамбыл жерінде 2019 жылы 25 желтоқсанда халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімімен аталатын Руханият және тарихтану орталығы облыстың 80 жылдық мерейтойы аясында салтанатты түрде ашылды. 2020 жылы орталықтың ұсынысымен Тараз қаласындағы «Астана» ықшам ауданындағы өзі тұрған үйге ескерткіш белгі қойылды. Жыр дүлдүлі, айтыс өнерінің дарабозы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «АҚЫЛ ОЙДЫҢ АЛҒЫРЫ» атты облыстық жабық ақындар мүшайрасы, өзге ұлт өкілдері арасында облыстық, республикалық «ЖАМБЫЛ ЖЫРЛАРЫ» байқауы өтті. Нартұлғалы ақын Нарша Қашағанұлының туғанына 70 жыл толуына орай «НАРШАНЫҢ СӨЗІ – БАРШАНЫҢ СӨЗІ», өлең-жырдың ақ гүлі Күләш Ахметованың  75 жасқа толуына орай «ЖАПЫРАҚ-ЖАЗДЫҢ ЖҮРЕГІ», ақын Арғынбай Бекбосынның туған күні қарсаңында «Елінің салқындамас сағынышы» іс-шаралары көпшілік көзайымына айналды. Сондай-ақ көне қаланың зерттелуіне еңбек сіңізген тарихшы, археолог, ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері МАДИЯР ЕЛЕУОВТЫҢ, Мәмбет Қойгелдиевтің 75 ЖАСҚА ТОЛУЫНА ОРАЙ ҒАЛЫММЕН КЕЗДЕСУ де орталықта ұйымдастырылды. 2023 жылы Шерхан Мұртазаның: «Театр көбейген елде, түрме азаяды» деген сөзін ілгері тартып, мектеп жасындағы оқушылардың арасында, драма үйірмелерінің жемісін ортаға салуды жөн көріп, «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» фестивалі ұйымдастырылды.
Фестивальға облыс аумағынан барлығы мектеп жасындағы балалар арасынан 7 ұжым өнер көрсетті. Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 толуына арналған «АҚЫН – ОТ, ЛАУЛАП ЖАНАР АСПАНҒА ӨРЛЕЙ»  жыр сайысы да ерекше форматта мектеп оқушылары арасында өтті. Жалпы орталық 5 жылда 70-ке жуық дөңгелек үстел мен кездесулер, сұхбаттар, 10-нан аса әдеби сазды кеш, 5 кітаптың тұсаукесер рәсімін, 20-ға жуық түрлі форматтағы байқаулар мен мерекелік шаралар, 1000-ға жуық экскурсия, ауқымды 2 конференция өткізді. Одан бөлек 200-ге жуық танымдық-тарихи мақала бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.