Жаңалықтар

Рамазан айының қарсаңында жаңа мешіт ел игілігіне берілді

Рамазан айының қарсаңында жаңа мешіт ел игілігіне берілді

Ата дініміз ислам діні - адамзатты имандылыққа, жақсылық жасауға, адамды қадірлеуге үндейді. Дінімізге деген құрмет отбасынан, мешіт табалдырығынан басталары белгілі. Жыл сайын аудан орталығы саналатын Сарыкемер ауылында халық саны артып келеді. Осыған мақсатта, жомарт жүректі тұрғындар мен кәсіпкерлердің бастамасы әрі демеушілігімен қасиетті Рамазан айының қарсаңында келбеті мен сәулеті жарасқан жаңа мешіт ел игілігіне берілді. Халықты имандылыққа ұйытып, бірлік пен ынтымаққа шақыратын мешіттің ашылуы құран оқуымен басталды. Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков жаңадан бой көтерген мешіттің тұрғындарды имандылыққа тәрбиелеуде алар орны ерекше екенін атап өтіп, діни ғимараттың халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуіне тілектестігін білдірді. Салтанатты түрде мешіт лентасы қиылған соң, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Көпшілік жаңа мешітке кіріп, оқылған Құран аяттарын ұйып тыңдады. Мешіт - жамағатымен көрікті. Жамағатқа есігін айқара ашқан еңселі ғибадат орны - Аллаға құлшылық жасап, бес уақыт намазын оқитын, тұрғындардың бірлігі мен ынтымағына қызмет етеріне сенім кәміл.