Жаңалықтар

Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар туралы

Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар туралы

Наурыз мейрамы – ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға негізделген, көктемнің келуін, жаңа жылдың басталуын бейнелейтін басты мереке. Биылғы жылы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы жаңа тұжырымдамаға сәйкес жаңаша форматта өткізілмек. Тұжырымдамаға сәйкес Наурыз мейрамын атап өтудің іс-шаралар жоспарлары әзірленді. Мерекенің жаңа бірыңғай логотипі бекітілді. Логотип, сыртқы жарнаманың, атрибутикалардың, тұрмыстық өнімдерді безендіру эскиздері, баспасөз, әлеуметтік желіде пайдаланатын үлгілердің барлығы тиісті мекемелерге, бұқаралық ақпарат құралдарына таратылды. Қазіргі кезде безендіру жұмыстары жүргізілуде. Биылдан бастап Наурызнама онкүндігіне сәйкес мейрам 14 – 23 наурыз аралығында тойланатын болады.  Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналып, терең мәнге ие болды. Атап айтқанда: 14 наурыз (бс.) – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Бұл күні Білім беру, мәдени ұйымдарда, жоғары оқу орындарында жасы кішілерді үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қариялардың батасын алу іс-шаралары ұйымдастырылады. Бүгін Тараз қалалық мәдениет үйінде этнос өкілдері, ардагерлер, жастардың Көрісу күніне арналған мәдени іс-шарасы өткізілуде. Осындай іс-шаралар барлық аудандарда ұйымдастырылатын болады.   15 наурыз (жм.) – Қайырымдылық. Бұл күн қайырымдылық, мейірімділік пен тату көршілікті насихаттауға арналған. Бұл күні тұрмысы төмен отбасылар мен мұқтаж жандарға қайырымдылық және көмек көрсету шаралары ұйымдастырылатын болады. Осы күні жастардың «Ардагерлерді ардақтайық»  қайырымдылық акциясы, облыстағы қарттар үйі, дағдарыс орталықтары, балалар үйіне концерттер өткізіліп, волонтерлік қызметтер көрсетіледі. Бұл күн Рамазан айының бірінші жұмасымен сәйкес келетіндіктен, Мемлекет басшысының атынан облыс әкімінің ауызашары өткізіледі. Осы күні барлық аудан мен Тараз қаласы әкімдіктері  ауызашарлар өтеід.   16 наурыз (сн.) – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналып, мәдениет мекемелерінде Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша дәстүрлі іс-шаралар өтеді. Оның ішінде мәдениет, білім беру ұйымдарында мерекелік марафон – халықтың кең тараған салт-дәстүрлерінің көрсетілімдері, кинотеатрларда ұлттық кино апталығы өтеді, білім беру мекемелерінде «Наурыз нақыштары» атты қолөнер көрмелерін ұйымдастырылатын болады.   17 наурыз (жк.) – Шаңырақ. Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. Бұл күні ұлттық киім киген жастардың неке қию, жас жұбайларға ақсақалдар мен көпбалалы аналардың «Наурыз бата» беру шарасын ұйымдастыру, елді мекендерде 50 жыл отасқан отбасылар арасында «Алтын шаңырақ» және 25 жыл отасқан отбасылар арасында «Күміс кереге» атты байқаулар, жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз – базарлық» естелік сыйлықтарын табыстап, құттықтаулар ұйымдастырылатын болады.   18 наурыз (дүйсенбі) – Ұлттық киім күні. Бұл күні ұлттық киімдерді танымал ету және сәнді киімдер көрсетілімдері өткізіледі және мерекелік атмосфераны құру мақсатында барлық мекемелерде ұлттық киімдерде жүруге шақырамыз. Осы күні танымал тұлғалардың азаматтардың, мәдениет қайраткерлерінің, әртістердің, спортшылардың, блогерлердің қатысуымен «Ұлттық киім күні» тақырыптық челленджі өткізіледі. Мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениетті сақтауға және насихаттауға үлес қосып, сонымен қатар халық мұрасының маңыздылығын еске түсіріп, бірлігімізді арттыра түседі.   19 наурыз (сс.) – Жаңару. Бұл кү тазалық күніне арналады. «Жаңару» күні барша азаматтарды жаппай көктемгі ағаш егу акциясына және көктемгі экологиялық тазалық акциясына қатысуға шақырамыз.   20 наурыз (ср.) – Ұлттық спорт. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстар (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу), құсбегілік  және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту т.б. турнирлері қарапайым азаматтардың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік береді.   21 наурыз (бс.) – Ынтымақ. Бұл күні Мемлекет басшысының қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен бейне құттықтауы өтеді. Осы күні Тараз қаласында орталық «Достық» алаңында «Ар ма, әз Наурыз!» атты мерекелік іс-шара өтеді. Барша қала, облыс тұрғындарын осы күні өтетін мерекелік іс-шараға шақырамыз.   22 наурыз (жұма.) – Жыл басы. Бұл күні барлық елді мекендерде Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Іс-шаралар барысында «Наурыз нақышымен безендірілген ең тартымды үй», «Ең таза подъезд», «Ең әдемі көше» т.б. халықтық байқаулар өткізіп, жеңімпаздарын марапаттау ұсынылады.   23 наурыз (сб.) – Тазару. Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өтеді.   Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!   Наурыз мейрамын мерекелеу шеңберіндегі барлық іс-шаралар қоғамның топтасуына, қазақстандықтардың өз Отанына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге, тұрақтылыққа, ұлттық бірлік идеясын насихаттауға және өз болашағына деген сенімділікті арттыруға ықпал етеді деп сенеміз.