2023-2024 оқу жылының аяқталуы туралы
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Лаззат Абильдақызының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
«2023-2024 оқу жылының аяқталуы туралы» өткізілген баспасөз конференциясына өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.
Брифинг барысында 2023-2024 оқу жылының аяқталуы бойынша еңгізілген өзгерістер, қорытынды емтихандардың өткізілу мерзімі туралы айтылды.
Жалпы облыста 2023-2024 оқу жылын 586 мектепке дейінгі, 445 орта білім беру, 42 техникалық және кәсіптік білім мекемелерінде 400 мыңнан астам оқушылар, студенттер мен тәрбиеленушілер аяқтайды, оның 12 мыңнан астамы мектеп түлектері.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 4 қазандағы №304 бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 25 мамырында оқу сабақтары аяқталады. Биылғы оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды.
Еліміздің кейбір аймақтарындағы су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайды ескере отырып және 25 мамырдың демалыс күніне сәйкес келуіне байланысты 24 мамыр күні барлық мектептерде 2023-2024 оқу жылының аяқталуына арналған сынып сағаты ұйымдастырылады. Бірыңғай сынып сағаты аясында сынып жетекшілері оқушылармен бірге өткен оқу жылын қорытындылайтын болады.
11 (12) сынып түлектеріне аттестат тапсыру және ерекше үлгідегі «Алтын белгімен» марапаттау 12-15 маусым аралығында мектептердегі барлық емтихандар аяқталғаннан кейін өтеді.
Облыста 9-сыныпты – 22867 оқушы аяқтайды. Қорытынды аттестаттау 9 (10) сынып оқушылары арасында 29 мамыр – 10 маусым аралығында жүргізіледі.
Өңірімізде ағымдағы жылы 11-сыныпты – 12121 түлек аяқтайды. Қорытынды аттестаттау 11 сынып бітірушілері арасында 28 мамыр – 11 маусым аралығында жүргізіледі.
Барлық емтихандар оқу орнында – мектептерде өтеді.
«Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын (ана тілі мен математика) облыстық білім басқармасы тарапынан құрылған комиссия қарайды.
Ағымдағы оқу жылында 387 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төс белгісіне үміткер (2022 жылы – 305).
816 мектеп бітіруші үздік аттестатқа үміткер.