Жаңалықтар

Жаз мезгіліндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және демалысын ұйымдастыру туралы

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Аманқұлұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

«Жаз мезгіліндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және демалысын ұйымдастыру туралы» өткізілген баспасөз конференциясына өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.

Брифинг барысында жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын ұйымдастырумен қатар олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Биылғы жылы облыста 12 қала сыртындағы сауықтыру лагерьлері мен орталықтарының 8-і жұмыс істеуге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Оның 1-і жыл бойғы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы, 7-і маусымдық (мемлекеттік «Болашақ», «Жұлдыз», «Жұрындысай», жекеменшік «Болашақ», «Рауан», «Берікқара», «Тау самалы») лагерьлер. Оған  көп балалы, аз қамтылған отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 7454 баланы сауықтырумен қамту жоспарлануда.

Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 660 млн. теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Биыл екінші жыл қатарынан қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен қамтылған балалардың үлесін арттыру мақсатында «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыстың оқу үздіктері, түрлі жарыстар мен байқаулардың жеңімпаздары демалыспен қамтылатын болады. Қазіргі таңда 1715 баланың тізімі жинақталуда.

Сол сияқты,  мектеп жанындағы тамақтанумен жұмыс істейтін 405 лагерьлер 3 маусымнан бастап, екі ауысымда 36259 баланы(әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының балалары) қамтитын болады. Оған жалпыға бірдей міндетті білім беру қорынан 181,3 млн. теңге бөлінді.

Сонымен қатар, балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін 430 мектептің демалыс алаңдарында мектеп аумағын көгалдандыру, абаттандандыру, экологиялық  және т.б. топтарда 28 мыңға жуық бала қамтылады.

Түрлі бағыттағы экскурсиялармен 23 мың бала, мектептегі және мектептен тыс үйірмелерде 103 мыннан аса бала қамтылса, дебаттық және пәндік олимпиадаларға дайындық жүргізіп, «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдердің белсенді топтарында 19 мыңнан аса балалар шұғылданады деп күтілуде.