ТАЛАСТА «ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ-ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» ЖОБАСЫНЫҢ ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ
Бүгін Талас ауданының ортағы Қаратау қаласында «Қазақ аналары-Дәстүрге жол» жобасы филиалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ресми шараға аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков арнайы қатысып, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын орталықтың ашылумен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
- «Ана бір қолымен бесігін тербетсе, бір қолымен әлемді тербетед»,- демекші Жамбыл облысында 2021 жылы «Қазақ аналары-дәстүрге жол» орталығының филиалы салтанатты түрде ашылды. Бүгін міне, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық жобасы аясында аудан орталығы – Қаратау қаласында ұлтымыздың салт-дәстүрін, атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылықтарды жаңғыртып, қолданбалы өнерімізді насихаттайтын орталықтың филиалы ауданымызда да ашылып отыр. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын!
Ананың қоғамда, отбасында алатын орны, атқарар рөлі ұшан-теңіз. Ана – ақылшы, тәрбиеші, үйдің береке-ырысы ғана емес, ол салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды, аталар аманатын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, ұлттық құндылықтарымызды сақтаушы. Сондықтан Ұлтымызды ұлықтап, құндылықтарын ұйыстыратын филиалдың жұмысына сәттілік тілеймін. Істеріңіз оңынан, жетістіктеріңіз молынан болсын!, - деді аудан басшысы.
Ең алдымен кимешек киген кейуаналар, ақжаулықты әжелер, ардақты аналар, аяулы арулар алдымен орталық алаңда жиналды. Шара салтанатты шеруге ұласты. Сәні мен салтанаты келіскен шеру халық әндерін әуелете орындап қала тұрғындарын тәнті етті. Салтанатты шара мәдениет орталығындағы тамаша қойылымдармен жалғасты.