Облыс көлемінде пайдаланбаған жайылым жерлерге шара қолдану туралы
Өздеріңізге белгілі, 2022 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың пайдаланбаған және Қазақстан Республикасының заңнамаларын бұза отырып пайдаланымдағы жерлерді қайтару туралы тапсырмасы күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда пайдаланбаған жайылым жерлерді мемлекет иелігіне қайтару шаралары елді мекен тұрғындарының малдарын жайылыммен қамтамасыз ету жұмыстарына өз ықпалын тигізуде.
Бүгінгі күнге Департамент пайдаланбаған жайылым жерлерді анықтау және шара қолдану бағытында бірқатар шаралар атқарды. Пайдаланбаған жерлерді анықтау жер заңнамасында жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастары бөлімдерінің құзырына заңдастырылған. Осы бөлімдердің сұраныстарына сәйкес Департамент тиісті шаралар жүргізуде.
Тексеру тәртібіне қысқаша тоқталуды жөн санап отырмын. Себебі, қазіргі кездегі пайдаланбаған жайылым жерлерді қайтарудың басты жолы.
Мал басы деректер қорында (ИСЖ базасында) мал басының тіркелген тіркелмегендігі анықталғаннан соң, шаруашылық басшысына хабарлама табысталады. Содан соң прокуратураның арнайы есепке алу басқармасымен тексеру актісі тіркелгеннен соң шаруашылық басшысына бір жылға жерді пайдалану қажеттігі туралы нұсқама беріледі. Жер учаскесіне шектеу қойылып, жер салығы 20 есеге арттырылады. 1 жылдан соң жер пайдаланушы нұсқаманың орындалуы туралы ақпарат беруі тиіс. Жер учаскесі бойынша мал тіркелген жағдайда шектеу алынып, жер салығы бұрынғы қалпына келтіріледі. Нұсқама орындалмаған жағдайда Департамент жер учаскесін мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтару үшін сотқа талап қоюмен жүгінеді.
Жалпы 2022 жылдан бастап есепті мерзім аралығында облыс бойынша мемлекет меншігіне қайтарылған жер көлемі 427 мың гектарды құрады. Оның ішінде жайылым жердің көлемі – 413 мың га. Жер учаскелерінің басым бөлігі жүргізілген түсіндірме және тексеру жұмыстардың нәтижесінде шаруашылықтардың өз еркімен қайтарған жерлері екендігін атап өту қажет.