Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің 2024 жылғы атқарылған жұмыстары
Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейі Қазақстан Республикасындағы ең көне музейлердің бірі.
Алғаш рет 1931 жылы ашылған музей қорында қазіргі таңда 72 мыңнан астам бірегей және құнды жәдігерлер сақталған. 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі «Көне Тараз» этно-мәдени, тарихи кешенінде орналасқан жалпы аумағы 4000 аса шаршы метр құрайтын 2 қабаттан тұратын жаңа ғимаратқа көшірілді. Ал бүгінде музейдің жаңа ғимаратында 4 үлкен экспозиция залдары жасақталып, 5000 – ға жуық жәдігерлер халық назарына ұсынылған.
Сондай-ақ музейдің 9 қалалық және 4 аудандық бөлімдері де жұмыс жасайды. Қалалық бөлімдері: Көркемсурет галереясы, Д.А.Қонаев орталығы, Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығы, «Даңқ» залы, Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығы, К.И.Скрябин музей-үйі, Ерте ислам дәуірінің мешіті (ІХ-ХІІ ғғ.). Аудандық бөлімдер: Шу аудандық тарихи-өлкетану музейі, Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейі, Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі, Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейі.
Қазіргі уақытта облыстық музейде Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына, әсіресе өскелең ұрпаққа рухани және мәдени тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында музей залдары және бөлімдері бойынша жалпы шолу экскурсиялары, музей сабақтары, мәдени білім беру дәрістері, тұрақты және жылжымалы көрмелер және өңірдің білім, мәдениет, туризм саласының ұйымдарымен, Ішкі саясат, Жастар саясаты мәселелері басқармаларымен, ЖОО-мен бірлескен түрлі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, атқарылуда.
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі 2024 жылға арналған жылдық жоспарға сәйкес, 1-ші жартыжылдықта бірқатар мәдени, танымдық іс-шараларды жүзеге асырды. Оның ішінде ауқымды іс-шараларды атап өтетін болсақ, Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойы және қазақтың халық ақыны, жырау, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан жасақталған «Ұлы Даладағы мыңжылдықтар ізімен» атты жылжымалы көрмесі өтті. Көрмеге Тараз қаласынан табылған археологиялық жәдігерлер жиынтығы және Жамбыл облысын танытқан ұлы тұлғалар Ықылас Дүкенұлы, Бауыржан Момышұлы, Жазылбек Қуанышбаев, Асанбай Асқаров, Шерхан Мұртаза Асанәлі Әшімов, сынды тұлғалардың жеке заттары, фотосуреттері, мұрағаттық құжаттары, еңбектері және қазақтың бертінгі тарихында халқымыздың композиторлық, әншілік, айтыскерлік және ақындық өнерін бір өзінің рухымен әлемдік биікке көтерген ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі – халық ақыны Кенен Әзірбаевқа тиесілі жеке заттары, фотосуреттері, бірегей жәдігерлер Қызылорда жұртшылығының назарына ұсынылды.
Тараз суретшілерінің шығармашылығын насихаттау және галерея қорын толықтыру мақсатында дәстүрлі түрде өткізілетін «Ұрпақтар сабақтастығы: тарих пен болашақ Жамбылдық суретшілерінің көзімен» атты қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті. Көрмеге Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікке жеткен еңбек қайраткерлері, спорт саңлақтары, ағымдағы жылы мерейтойы аталып өтілетін ұлы тұлғалардың яғни Рахымжан Қошқарбаев, Бибігүл Төлегенова, Фариза Оңғарсынова, Сәкен Сейфуллин, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймаутов, Жаппар Сатылғанов сынды тұлғалардың портреттік жанрда салынған жұмыстары ұсынылды. Нәтижесінде жалпы 10 кескіндемелік туынды музей қорына жинақталды.
8 - Наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Көркемсурет галереясында «Әйел әлемі» атты облыстық көрменің ашылуы өтті. Көрмеге Қазақстанның визит карточкасына айналып жүрген «Асыл-дизайн» сән үйінің бас дизайнері А.Қалиевтың , «Naboko Fachion house» Ирина Набоконың және «Хан шапан» сән үйінің нео-фольклор үлгісіндегі киім үлгілері, ҚР Суретшілер Одағы мүшелері, қолөнер шеберлер мен жас дарынды ART-дизайн бағытындағы суретшілердің 200-ге жуық туындылары қойылды.
22- наурыз Ұлыстың ұлы күні –Наурыз мерекесінде қала орталығында 13 - киіз үй тігіліп, облыстық музей «Жамбыл ауылы», «Кенен ауылы», «Алаш орда» атты киіз үйлерде музей қорынан жасақталған жылжымалы көрме ұйымдастырды. Көрмеде аталған тақырыпта жәдігерлер ұсынылды.
18 – мамыр Халықаралық музейлер күніне орай, «Құпия саяхат» атты тақырыпта Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде және барлық бөлімдерде ашық есік күндері жарияланды. Музей экспозицияларына танымдық экскурсиялар, квест ойындары жүргізілді.
1 – маусым Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай «Балалық шаққа саяхат» атты тақырыпта музейде ашық есік күні ұйымдастырылды.
Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Атырау облыстық Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музей қорындағы Қазақстандық көрнекті қылқалам шеберлерінің 55 заманауи өнер туындыларынан жасақталған Көркемсурет галереясында «Көркем өнер керуені» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Сол туындылардың ішінде жерлесіміз белгілі композитор Ілия Жақановтың 11 портреттік және пейзаждық туындылары ұсынылды.
Сондай – ақ, облыстық музей өңірдің әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылары мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсетіп, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді.
Оның ішінде «Тифло музей» жобасы аясында облыстық музей экспозициясындағы жәдігерлерге және аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялары бойынша Qr кодтар әзірленіп, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға аудиогид арқылы жәдігерлердің тарихымен танысу мүмкіндігі жасалды.
Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, қолдап, оларға тегін қызмет көрсетеді. Осы орайда, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға арнайы экскурсиялар жүргізіліп, әр түрлі тақырыпта жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып отырады.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институты мен Тараз қаласындағы И.В.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясымен бірлескен «Музей педагогикасы» жобасы аясында мектеп оқушыларына жыл ішінде біздің мамандар түрлі тақырыптарда мектептегі пәндік сабақтарын музей қабырғасында өткізді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі арасында жасалған екі жақты меморандум аясында «Тарих», «Бейнелеу өнері», «Туризм» мамандықтарының білімгерлері музейде және Көркемсурет галереясында іс-тәжірибеден өтті. Тәжірибе барысында білімгерлердің біліктіліктерін арттыру мақсатында музей ісі, қор жұмысы, экскурсия жүргізу жұмыстары таныстырылды.
Жаздық лагерь аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі қалалық және аудандық мектеп оқушыларына музей залдары және Көркемсурет галереясында тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылды.
Музейді жыл сайын шетелдік туристтер, арнайы музейге келген шетелдік қонақтар тамашалап, өлке тарихымен танысады. Олардың ішінде: Қытай, АҚШ, Канада, Англия, ОМСК, Түркия, Қырғызстан, Жапониядан қонақтарды қарсы алдық.
Музей залдарының экспозициялары ұдайы жаңартылып, толықтырылып тұрады. 1-шы жартыжылдықта облыстық музейдің №4 экспозициялық залында 2024 жылғы 1 наурыз күні ұлтаралық қарым-қатынасты, бірлік пен келісімді, мәдени мұраны нығайтуға бағытталған әр түрлі ұлт өкілдерінің ақын-жазушыларына арналған экспозиция, атақты күйші-композитор, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әбдімомын Желдібаевқа арналған экспозиция, «Даңқ» залында ҰОС соғысының ардагері, жазушы Б. Адамбаев пен ауған соғысының ардагері, жазушы П. Вотинцевке арналған экспозициялар ашылды.
ІІ – жартыжылдықта өткізілетін іс-шараларға тоқталатын болсақ, Астана қаласында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында этноауылда жасақталатын Жамбыл облысының жылжымалы көрмесі жоспарлануда. Көрмеге XVIII-XIX ғасырлардағы қолөнер және зергерлік өнер ұсталарының қолынан шыққан, сол ғасырладың куәсі болған, тарихы бай, ата-бабаларымыздан қалған түпнұсқа мұралар ұлттық нақыштағы ағаштан, иеріден жасалынған тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқтар, тоқыма бұйымдары, әскери өнерде, сондай-ақ саятшылықта пайдаланатын қару-жарақ түрлері, аңшылық құралдары, қазақ ұсталары мен зергерлері дайындаған күмістен жасалған зергерлік бұйымдары және т.б музей қорындағы бірегей этнографиялық коллекциялар қойылады.
Астана қаласы, ҚР Қазақстан Республикасының Президенттік орталығы, «Тараз - тарихи ғасырлар куәсі» атты жылжымалы көрмесі жоспарлануда. Көрмеге археологиялық коллекцияның бірегей топтамалары, Жамбыл облысын танытқан ұлы тұлғалар Асанбай Асқаров, Бауыржан Момышұлы, Жазылбек Қуанышбаев, Асанәлі Әшімов, Шерхан Мұртаза сынды тұлғалардың жеке заттары, фотосуреттер, мұрағаттық құжаттары және еңбектері және қазақтың бертінгі тарихында халқымыздың композиторлық, әншілік, айтыскерлік және ақындық өнерін бір өзінің рухымен әлемдік биікке көтерген ұлы тұлғалардың бірі және бірегейі – халық ақыны Кенен Әзірбаевқа тиесілі жеке заттары, фотосуреттері ұсынылады.
Жамбыл облысының 85-жылдығына орай, Тараз қаласының тумасы, белгілі суретші-мүсінші, Қазақстан Республикасының «Көркем» академиясының академигі, корреспондент мүшесі Аманат Назарқұлов бастаған «Ұлы Түрік Апогейі» атты көрмесі күз айларында ұйымдастыру жоспарда бар. Көрмеге 260 туынды және 30 мүсін қойылады.
Бұдан бөлек жыл ішінде жылдық жоспарға сәйкес әр түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар өткізіліп, ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылады.