Қайтаруға жоспарланған 2 млн гектардан 1,15 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері мемлекеттік қорға қайтарылды
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен Жер ресурстарын басқару комитетінің бірінші жартыжылдығының қорытындысы тыңдалды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов 2024 жылдың 6 айында «Азаматтарға арналған үкімет» МК жер құқықтық қатынастары субъектілеріне, жергілікті атқарушы органдарға және филиалдарына қатысты 2685 тексеру жүргізілгенін баяндады. Онда 2174 жер заңнамасын бұзушылық анықталып, 231,4 млн.теңге сомасына айыппұл салынды.
Жер учаскелерін беру кезінде жер заңнамасының бұзылуын анықтау мақсатында 7816 шешім тексерілді, оның ішінде 1711 заңсыз шешім жойылуға жатады.
Сондай-ақ, объектілерді салуға арналған жерлерді пайдаланбау, жерді мақсатсыз пайдалану, жердің бүлінуі және т. б. фактілер орын алған.
«Мемлекет басшысының пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі тапсырмасын орындауға қатысты ағымдағы жылдың басынан бері 1,33 млн. га алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 875 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, 836,7 мың га алаңда 614 нұсқама енгізілді, 48 материал сот органдарының қарауында. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 217,5 мың га алқапта ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Жалпы, жыл басынан бері қайтаруға жоспарланған 2 млн га ауыл шаруашылығы жерінен 1,15 млн га қайтарылды», - деді Мұрат Теміржанов.
Сонымен қатар, кейбір өңірлер бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жөніндегі жоспарды орындаудың төмен көрсеткіштері байқалады.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жоспарланған 160 мың гектардан 48,1 мың гектар, Атырау облысында 90 мың гектардан 16,8 мың гектар жер қайтарылды.
Сонымен бірге, төраға мемлекеттік тапсырма шеңберінде 2024 жылы топырақ, геоботаникалық зерттеулер, топырақты бағалау, цифрлық ауыл шаруашылығы контурлық жоспарлары мен фотокарталар жасау бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
2024 жылға жоспарланған барлық жұмыстар мемлекеттік тапсырма шеңберінде мерзімінде жүргізіледі. Бұл жыл соңында 69,4 млн га алаңда өзекті топырақ материалдарымен, 64,3 млн га геоботаникалық материалдармен, 56,5 млн га топырақты бонитирлеумен, 205,5 млн га алаңда цифрлық ауыл шаруашылығы карталарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Кеңес соңында министр ЖРБКне бірқатар тапсырмалар берді.
«Барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейту керек, жедел шешуді талап ететін өзекті мәселелерді бақылауға алу қажет. Сондай-ақ, Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізудің мемлекеттік институтының жұмыстары нәтижелерін мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесіне орналастыру қажет», - деп қорытындылады Айдарбек Сапаров.