Жаңалықтар

Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы

«Егемен Қазақстан» газеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты эксклюзивті мақаласын жариялады.

I. ДАМУ МАҚСАТТАРЫНЫҢ ОРТАҚТЫҒЫ

Орталық Азия аймағы сан ғасырдан бері біртұтас геосаяси және рухани кеңістік ретінде белгілі. Бұл – табиғи ресурсы мен адам капиталы мол, мәдени-тарихи мұрасы бай өңір. 

Көшпелі және отырықшы өмір салтының үн­дестігі мұндағы шаруашылық жүйенің негізі болып қана қоймай, аймақтың өзіндік саяси-құқық­тық мәдениетін және кез келген өзгеріске бейімдігі­мен, төзімділігімен ерекшеленетін құндылықтар жиын­тығын қалыптастыруға ықпал етті.  Орталық Азия кеңістігі сан алуан империяның құрылғаны­на, ыдырағанына, саяси және экономикалық модельдердің табиғи жолмен дамығанына куә болды, бірақ өзіне тән бірегейлігін сақтап қалды. Халықтарымыз ежелден түрлі өркениетпен тіл табысып, қарым-қатынас орната білді. Соның арқасында бұл аймақ өзінің этномәдени және рухани ерекшелігін сақтай отырып, Ұлы Жібек жолының және тұтастай алғанда үлкен Еуразияның тарихында шешуші рөл атқарды.

Дамудың жаңа тарихи кезеңінде елдеріміз көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткерді. Дегенмен Орталық Азия республикалары «қалып­таспаған мемлекеттердің» қатарына немесе failed states деп аталатын топқа қосылады деген пес­симистік болжам расталған жоқ. Аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеп, халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнын алды. Халықтарымыздың бірлігі мен даналығының арқасында біз өзіміздің аумақтық тұтастығымызды, еркіндігіміз бен егемендігімізді нығайттық.

Бүгінде өңірдегі әрбір елдің мемлекеттік құрылыс, нарықтық экономиканы дамыту, мәдени мұрасын қалпына келтіру, ұлттық бірегейлігін қалыптастыру ісінде өзіндік тәжірибесі бар десек, артық айтқандық емес.

Қоғамдық және мемлекеттік инс­титуттар жаңғыртылды. Дамыған инфра­құрылым мен өнеркәсіп желі­сі құрылды, мыңдаған шақырым жаңа теміржол мен автокөлік жолы салынды, маңызды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Біздің ашықтық пен жаңару жолындағы бағытымыз ұлттық эко­но­микаларымыздың дәйек­ті түр­де өсуін және олардың әлем­дік эко­но­ми­калық қатынастарға ықпал­да­суын қамтамасыз етті. Білім беру, ден­­саулық сақтау және зейнетақы жүйелерінің жоспарлы дамуы ха­лық­­тың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайының айтарлықтай жақса­руына септігін тигізді.

Өңірдегі мемлекетаралық қаты­настар да түбегейлі өзгеріске ұшыра­ды. Елдеріміздің арасында барлық деңгейде сындарлы екіжақты және көпжақты диалог жолға қойылды, өза­ра тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Осыған дейін аймақта­ғы қа­рым-қатынасты жан-жақты дамы­туға кедергі келтіріп, қайшылық ту­ғызған мәселелерді шешу жолындағы жетістіктеріміздің мән-маңызы зор.

Су-энергетика саласында өзара тиім­ді шешім табуға қатысты табыс­тарымызды жоғары бағалауға болады. Мемлекеттік шекараларды дели­митациялауға, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіруге, көлік қатынасын кеңейтуге, жаңа бағыттарды іске қосуға және азамат­тардың барыс-келісін жеңілдетуге қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге қолайлы жағдай жасалып отыр. Өңірдің ұзақмерзімді қауіп­сіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету үшін күш біріктіру жолындағы іс-қимылдар да тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттан айнымасымыз анық.

Бүгінгі таңда бес мемлекет ара­сындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас­тар нақты мазмұнға ие болып, те­рең стратегиялық әріптестік пен одақ­тастық деңгейге көтерілді. Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саяси қарым-қатынаста өзінің салиқалы стратегиясын жасай алды. Бұл қадам еларалық және өңіраралық мүдделер тепе-теңдігін сақтап, елдеріміздің жаһандық үдерістерге толыққанды қатысуына жол ашты.

Орталық Азия елдері ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ЕАЭО, ТМҰ және басқа да табысты әрі ықпалды ұйымдардың құрылтайшысы ретінде бейбітшілікті жақтайтын мемлекеттер екенін дәлелдей отырып, өзінің идеялары мен жобаларын көпжақ­ты құрылымдарда белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Міне, осының бәрі «Орталық Азия бестігін» Еуразия құрлығының төрінде тұрақты дамып келе жатқан бақуатты елдер деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді.

Ортақ тарихымыз, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достығымыз бен тату көршілік дәстүріміз бауыр­лас халықтарды бұрынғыдан да жа­қын­дастыра түсетін мызғымас тұғыр болып қала беретіні анық.

II. ДАМУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНДЕГІ АЙМАҚТЫҢ РӨЛІ

Орталық Азия мемлекеттері мен халықтары географиялық орнына байланысты ғасырлар бойы бірін-бірі мәдени жағынан байытуға және құрлықта өркениетаралық диалог орнатуға ықпал етті, бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау ісіне қомақты үлес қосты. Орталық Азия қазір де осы ізгі әрі жауапты миссия­сын табысты жалғастырып келеді.

Біздің мемлекеттеріміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының маңызды қарарларының тең авторлары атана отырып, жаһандық орнықты даму, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен тұ­рақтылықты қамтамасыз ету, өңір­лік және халықаралық құрылымдар аясында бір-біріне қолдау көрсету сияқты мәселелер бойынша ортақ ұстанымнан айныған емес.

«ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы Орталық Азияның халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиань), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді. Биыл Астанада алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті өтеді.

Осы форматтағы өзара ықпалдас­тыққа басқа да елдер, халықаралық ұйым­дар қызығушылық танытып отыр­ғанын атап өткен жөн. Осылай­ша, өңірдің әлемдік арена субъектісі ретіндегі орнын бекітуге маңызды қадам жасалып жатыр.

Жаңғыртуға және озық білімге ұмтылумен қатар, дәстүрлі құнды­лық­тарды ұстану жолы – Орталық Азияның даму бағдары. Сөйтіп, біздің аймақ жаңарып жатқан ха­лық­аралық жүйенің дербес әрі ық­пал­ды мүшесіне айналып келеді. Бү­гінде біз халықаралық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістердің Еуразиядағы орталығы ретіндегі рө­лі­мізді нығайтуды көздеп отырмыз.

Өңірдің экономикалық салма­ғы­ның арта түсуі, инновациялар үшін ашық болуы және зияткерлік әлеуеті оның қазіргі заманғы әлем­дік құрылымның негізгі қозғау­шы күштерінің біріне айналуына мүмкіндік беретін алғышарттарды қалыптастырады. Біздің мемлекет­теріміздің бұған қажетті барлық ресурсы мен мүмкіндігі бар.

Сыртқы әріптестерімізбен бір­лесіп жүргізетін өңірлік жобалар аясындағы ортақ ұстанымдарымызды диалог алаңдарында жан-жақты ілге­рілету үшін күш біріктіру мәселесі ерекше назар аударуға лайық.

Орталық Азияны Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде ғана емес, халықаралық қатынастар саласында жаһандық деңгейдегі жаңа орталыққа айналуға қабілетті жеке ойыншы ретінде танытатын уақыт келгеніне сенімдімін.

III. ӨЗАРА ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА ФОРМАТЫ

Алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болатыны айдан анық. Осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты.

Жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған қазіргі кезде біз өңірде өзара сенімге және ор­тақ әрі біртұтас қауіпсіздікке негіз­дел­ген кеңістік құрдық, өңірлік ық­­пал­дастыққа бөгет кедер­гі­лерді жойдық, көп қырлы ын­ты­мақ­тастығымызды жоғары сапалы деңгейге шығаратын тұғыр қалыптастырдық.

Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан елдерімен одақ­тастық қатынас орнатып, Түрік­­менстанмен стратегиялық әріп­тестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Ха­лық­тарымыздың өзара жа­қын бо­луға ұмтылысы бар­лық деңгейдегі бай­ланыстың кү­шеюі­нен де көрінеді. Мемлекет бас­шыларының бір-бірі­не жиі сапарлап, тұрақты кездесуі парла­ментаралық, үкімет­аралық және ведомствоаралық байланыстарды тереңдетуге тың серпін берді.

Белсенді саяси диалог пен ізгі ниет бесжақты ықпалдастықты дамы­ту ісінде маңызды ұйыстырушы фак­торға айналды. Өңірдегі мемлекеттер бір-бірінің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын құрмет­теу, келіспеушіліктер туындай қалса оны бейбіт жолмен шешу сияқты іргелі қағидаттарға негізделген ынты­мақтастықтың Орталық Азияға ғана тән бірегей үлгісін қалыптастырды.

Орталық Азия мемлекеттері бас­шы­ларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кез­десуі болды. Соның нәтижесінде өңір­лік ықпалдастық барынша те­рең­­деп, кеңейе түсті. Тіпті бұрын-соң­­ды бол­маған деңгейге көтеріліп, инте­г­ра­­циялық үдерістер дәйекті, жүйелі және ең бастысы, үздіксіз си­патқа ие болды десем, артық айтқан­дық емес.

2018 жылы Астанада өткен ал­ғашқы кездесуде өңірдегі бес елдің ықпал­дастығына қатысты негізгі ба­ғыт­тар айқындалды. Соның арқа­сын­да өңірлік қауіпсіздікті қамта­масыз ету саласындағы байланыстар жандана түсті.

2019 жылы Ташкенттегі екін­ші кездесуде Орталық Азия көш­басшылары өңірлік ықпалдас­тық­ты нығайта түсетін болашағы зор бірқатар бастама көтерді. Атап айт­қанда, Қазақстан ХХІ ғасыр­да Ор­талық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою, сондай-ақ өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңес­тері хатшыларының тұрақты кезде­суін өткізу қажеттігі туралы ұсы­ныс білдірді. Саммиттерді өткізу рег­ла­ментінің қабылдануы басқосудың маңызды нәтижесі болғаны даусыз.

2021 жылы Түрікменбашы қала­­сын­дағы үшінші саммит өте маз­мұнды өтті. Мемлекет бас­шы­­лары Парламентаралық форум мен Жастар форумын шақыру, Іс­кер­лік кеңес құру туралы бастама көтерді. Консультативтік кездесулер символикасының бекітілуі де – айтулы қадам.

2022 жылы Шолпан-Атада өт­кен төртінші кездесудің басты сая­си қорытындысы ретінде ХХІ ғасыр­да Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынты­мақтастық туралы бесжақты шартқа қол қою рәсімінің басталуын, сондай-ақ Орталық Азияның «Жасыл күн тәртібі» бағдарламасының және көпжақты форматтар аясындағы ықпалдастық тұжырымдамасының бекітілуін айтуға болады.

2023 жылы Душанбедегі мерей­­тойлық бесінші кездесуде Ор­талық Азия мемлекеттері басшы­­ларының консультативтік кездесу­лерінің фор­матын институттандыру жолын­да алғашқы қадам жасалды. Ел­­дердің көшбасшылары Ұлт­тық үй­лес­тірушілер кеңесін (Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кон­суль­тативтік кездесулері істері бойын­ша) құру туралы шешім қа­был­дады.

Астанадағы алтыншы консуль­та­тивтік кездесуде көлік саласындағы ведомство басшыларының басқо­суы одан әрі жалғасады, энергетика ми­нистрлерінің алғашқы кезде­суі болады. Сондай-ақ өңірдегі мемле­кеттердің бұқаралық ақпарат құрал­дарына және ақпарат мәселелеріне жауапты министрлері мен өзге де лауазымды тұлғаларының кеңесі өтеді.

Жалпы алғанда, жоғары деңгей­дегі жүйелі кездесулер барлық ба­ғыт бойынша бірлескен жұмысқа елеулі серпін берді. Өңірлік ынтымақ­тас­тықты дамытуға арналған жол карталарының қабылдануы бұған зор септігін тигізіп отыр. Оларға ықпал­дастықты нығайту жөніндегі нақ­ты іс-шаралар енгізілген. Соның нәтижесінде, аймақта сауда-эконо­микалық және іскерлік байланыстар айтарлықтай жанданды. Орталық Азия аумағы тарих тұрғы­сынан қарағанда тым қысқа мерзім ішінде сауда, инвестициялық және кө­лік-коммуникациялық әлеуеті жыл­дам артып келе жатқан өзара тиім­ді ынтымақтастық кеңістігіне айналды.

Кейінгі 5 жылда (2018-2023 жылдар) өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллар­дан 11 миллиард долларға дейін арт­ты. Өткен жылдың қорытын­ды­сы бойынша ішкі тауар айналы­мы 25 пайызға өсті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдері­мен саудасы былтыр 26,8 пайызға артып, 8 миллиард долларға жетті.

Бірлескен ірі жобалар оған қа­ты­­су­шы елдерге қомақты пайда әке­ліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертіп отыр.

Шекара маңындағы аудандарда сауда-логистика және өнеркәсіп хабтарының желісін дамыту ісі ынты­мақтастықтың маңызды бағыты саналады. Бұл хабтар өзара сауда мен ор­тақ инвестициялық қызметті алға бастайтын жаңа драйвер бола алады.

Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдаланудың страте­гиялық маңызы артып келеді. Бұл сала өңірдің қарқынды дамуына жаңаша серпін беретін қозғаушы күшке айналуға тиіс.

Экономикалық өрлеудің нақты бастауы саналатын өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға көп көңіл бөлініп жатыр. Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қи­мыл жоспарының биыл бекітілуі осы бағыттағы маңызды қадам болмақ.

IV. ӨҢІРЛІК ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫҢ КЕЛЕШЕГІ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ПАЙЫМ

Осының алдында Душанбеде өт­кен саммит бес мемлекеттің «ортақ мекенін» трансформациялау жолында күш жұмылдыруы Орта­лық Азия­ның экономикасы дамыған және көркейген өңірге айналуы­на қуат­ты серпін беретінін тағы бір дәлел­деді. Бұл ретте Астана кезде­суі өңір мем­лекеттерін алдағы бес жылда (2024-2028 жылдар) дамытуға арналған жаңа кезеңнің бастауы болуға тиіс.

Қазіргі жаһансыздану жағдайын­да Орталық Азия елдерінің өңірі­ші­­­лік ықпалдастығы оның ерекше өр­ке­­ниет ареалы ретінде өзін өзі сақтауы үшін де, біртұтас болмыс ретінде өңір­ді тұрақтандыру үшін де аса өзекті. Елдеріміз бен халықтарымыз­дың тари­хы мен мәдениеті ортақ болған­дық­тан, бес мемлекет бірін бірі то­лықтырып отырады. Бұл бізді бірік­ті­ретін басты күш болуға тиіс.

Ұлы әл-Фарабидің «Халықтар бақытқа жету үшін бір-біріне кө­мек­тесе білсе, бүкіл жер беті ізгілік­ке тола­ды» деген сөзі бар. Дамудың жаңа кезеңінде біздің алдымызда осы өңірдің және оны мекен еткен ха­лық­тардың тағдырын айқындай­тын бірқа­тар маңызды мақсат-міндет­ тұр.

Бірінші. Орталық Азияда ғана емес, сонымен қатар іргелес жат­қан аймақтарда да бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – ұзақ мер­зім­ге арналған өркендеу мен даму­дың маңыз­ды алғышарты.

Қазақстанның сыртқы саяса­тындағы басым бағыттың бірі – тепе-теңдікті сақтауға ұмтылу. Біз әрдайым «Бейбітшілік бәрінен қым­бат» деген қағиданы ұстанамыз. Қа­зақстан әлем қоғамдастығының жауапты мүшесі ретінде халықаралық құқық қағидаттарын қатаң сақтау, егемендікті құрметтеу және шека­раның тұтастығына қол сұқпау қажет деп санайды.

Қазақстанның бұл пайымымен келісетін елдер аз емес деп сенім­мен айта аламын. Көптеген елдің ұста­нымдары бір-біріне ұқсайды. Оның бәрі әділ әрі болжауға болатын әлем­дік тәртіп орнатуға негізделген. Бұл ұстаным қазіргі беймаза заманда бола­шақ туралы сындарлы көзқарас қалыптастыруға жол ашады.

Орталық Азияның айналасында күрделі әскери-саяси ахуал сақталып отырған қазіргі жағдайда қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік саласында бірлесе әрекет жасау қажеттігі туын­дайды. Өңірлік қауіпсіздік жүйе­сін құру, оның ішінде Орталық Азия­ның қауіпсіздігіне байланысты сын-қатерлер тізімін және оның алдын алу шараларын әзірлеу мәселесі өте өзекті.

Орталық Азияда біртұтас қауіп­сіз­дік кеңістігін қалыптастыру, бұ­рын­нан бар және жаңадан пайда болған қауіп-қатерлерге қарсы күресуге қатысты негізгі түйткілдерді шешетін кешенді тәсілдер қарастыру, олардың алдын алу және қатерлер туындаса қолға алынатын шараларды ойластыру, сондай-ақ БҰҰ-мен және осы саладағы басқа да халықаралық, өңірлік ұйым­дармен белсенді ықпалдастық орнату аймақтағы мемлекеттердің ең басты басымдықтары саналады.

Екінші. Экономикалық әлеуе­ті­мізді одан әрі арттыру, ықпал­дастықты тереңдету.

Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық негізін қалыптастыру мәселесі біздің елдеріміздің айнымас міндеті болып қала беретіні сөзсіз. Өңірдегі мемлекеттердің бірлескен күш-жігері мен қуатты экономикалық әлеуетінің арқасында Орталық Азия аумағы сауда, инвестиция, ғылым және инновация саласында зор мүм­кін­діктері бар кеңістікке айналып отыр.

Елдеріміздің жалпы аумағы – 3 882 000 шаршы шақырым, хал­қының саны 80 миллионнан асады, ал ішкі жалпы өнімі 450 миллиард долларға жуықтайды. Әлемдегі уран қорының шамамен 20, мұнай­дың 17,2, табиғи газдың 7 пайызы – біз­дің аймақтың еншісінде. Орталық Азия көмір өнді­ру­ден әлемде 10-шы, электр энергиясын өндіруден 19-орында тұр.

Біздің экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отырады. Бұл жағ­­дай елдеріміздің сыртқы фак­­­тор­ларға лайықты төтеп бе­руін қам­там­а­сыз етіп, сауда-өнді­ріс сала­сында­ғы цикл­дерді әртарап­танды­руға мүмкіндік береді. Бірлескен эко­­но­микалық жобаларды тиімді іске асы­ру осы үдеріске оң ықпал ете алады.

Экономикаларымызды техноло­гия­лық жағынан дамыту – маңызды міндет. Біз табиғи ресурстарға тәуел­діліктен біртіндеп арылуымыз қажет. Осы ретте медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық тех­нологиялар саласын қамтитын креативті индустрия мен цифрландыру ісі экономикаға тың серпін беретін күшке айнала алады. Өңір елдерінің осы бағытта бірлескен жобалар әзірлеуге әлеуеті де жетеді.

Цифрлық және креативті индус­трия­ның жаппай қарқын алуы ши­кізатқа сүйенген экономикадан зият­­керлік сипаттағы өндіріске дәйек­ті түрде көшуге ықпал ете­тін бола­ды. Ор­­талық Азияның ық­пал­дас­ты­ғы біз­­дің елдеріміздің ұлт­тық эконо­ми­­ка­лық өсімінің басты себеп­шісі бол­ма­ғанымен, оның негізгі қай­нар көзінің бірі бола алатынына сенім­дімін.

Үшінші. Өңірдің жер жүзіндегі ең маңызды көлік-логистика және транзит хабтардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар.

Орталық Азия аймағы күн өт­кен сайын жаһандық көлік қатынас­тарының басты тармағына айналып келеді. Бұл ретте ең алдымен, Қы­тай­дың бастамасымен қолға алынған, болашағынан зор үміт күттіретін «Бір белдеу, бір жол» жобасын және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін атап өтуге болады. Бұл жобаларға өңірдегі елдердің бәрі белгілі бір деңгейде қатысып жатыр.

Қазір біздің мемлекеттеріміз жаңа көлік дәліздерін қалыптастыруға қа­тыс­ты басқа да маңызды идеяларды жүзеге асыруға кірісті. Қазақстан өзі­нің серіктестерімен бірлесіп, Транс­каспий халықаралық көлік бағдарын (Орта дәліз) барынша дамытып жатыр. Осы бағытпен тасымалдана­тын жүк көлемі орта мерзімде бес есеге артуы мүмкін.

Қазақстанда теңіз инфрақұры­лымының, яғни Ақтау және Құрық айлақтарының дамуына байланысты жаңа мүмкіндіктер ашылып жатыр. Аталған порттар арқылы Қытайдан, Орталық Азия елдерінен Оңтүстік Кавказға, Түркияға, одан әрі Еуропа­ға жөнелтілетін жүк көлемі артып келеді.

Қазір Ауғанстан аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін ашу қарас­ты­­­ры­лып жатыр. Бұл қадам Оңтүс­тік Азия елдерінің әлеуеті мол нарық­тарына және Үнді мұхитындағы айлақтарға шығуға жол ашады. Бұған осы өңірдегі бүкіл ел мүдделі. Біз Ор­та­лық Азияның өз ішінде және одан тыс­қары елдермен көлік саласындағы ын­тымақтастық ауқымын кеңейту ар­қы­лы көптеген мақсатқа жете аламыз.

Көлік қатынастарын кешенді түр­де жақсарту (әуе рейстерінің жиі­лігін арттыру, жаңа әуе және темір­жол бағыттарын іске қосу, шека­ра­дағы өткелдерді жаңғырту, т.б.), ин­но­вациялық технологиялар­ды енгізе отырып, көлік инфрақұрылымының қарқынды дамуын қамтамасыз ету, транзит мүмкіндіктерін кеңейту және өңірдің транзиттік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері болашақта біздің елдеріміздің транзит-көлік саласындағы ықпалдастығының негізгі бағыттарына айналуға тиіс.

Төртінші. Су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортақ ұстанымдарды әзірлеу.

Соңғы жылдары аймақтағы бар­лық ел су тапшылығын көріп отыр. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы еңбек­керлерінің әлеуметтік-экономика­лық жағдайын төмендетіп, халыққа едәуір залалын тигізді. Осы рет­те Халықаралық Аралды құтқару қоры­ның (ХАҚҚ) аса маңызды су-энер­гетикалық, экологиялық және әлеу­меттік-экономикалық проблемаларды талқылау және шешу жолындағы бірегей өңірлік құрылым ретінде айрықша рөл атқаратынын атап өткім келеді.

Су мәселесі өңірдің азық-түлік қауіпсіздігімен тығыз байланыс­ты. Сондықтан Қазақстан ХАҚҚ-тың қазіргі төрағасы ретінде осы қордың аясындағы ынтымақтастықты жандандыруды, сондай-ақ азық-түлік мәселесін де қамти отырып, Халықаралық су-энергетика консорциумын бірге құруды ұсынды. Біздің еліміз бұл мәселелерді шешу жолындағы сындарлы әрі ашық диалогке қашанда қолдау білдіреді.

Қырғызстандағы Қамбар ата 1-ГЭС-інің және Тәжікстандағы Рогун ГЭС-інің құрылысы бүкіл өңір үшін энергетика саласындағы ғасыр жобасына айналуы мүмкін. Бұл нысандарды салу барлық тарапқа жан-жақты ықпал етеді.

Барша адамзатты азық-түлікпен қамтамасыз ету ісіне әлі де жалғасып жатқан геосаяси дағдарыстар кесірін тигізіп отыр. Орталық Азия елд­ері­нің сыртқы факторларға тәуелділі­гін азайту үшін осы бағытта өзара үй­лес­тірілген шаралар қабылдау қажет­­тігі туындады. Сол үшін Қазақ­стан Орталық Азияда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жасап, бес ел арасында талдау жүргізіп, деректер алмасатын бірыңғай ақпараттық платформа қалыптастыруды ұсынды.

Жаһандық климаттың өзгеруінің салдарын азайтатын маңызды қадам – «жасыл» экономикаға көшу. Өңір елдерінде жаңартылатын энер­ге­тиканың өздеріндегі үлкен табиғи әлеуетін іске асыруға ұмтылыс бар. Мәселен, Қазақстан 2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2060 жылға қарай біз көміртегі бей­тараптығына қол жеткізуге ниеттіміз.

Жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану парниктік газ шығарындыларын азайту арқылы қоршаған ортаға пайдасын тигізіп қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Білім, ресурс және озық тәжірибелер алмасуды жалғастыру осы саладағы ынты­мақ­тастықты нығайта түсуге септігін тигізеді.

Бесінші. Орталық Азияның ең маңызды және ең құнды ресурсы – білімді жас ұрпақ.

Орталық Азия – әлемдегі хал­қы ең жас өңірдің бірі. Аймақ тұрғын­дарының орташа жасы – небәрі 28,7. БҰҰ-ның болжамына сүйенсек, 2040 жылға қарай азаматтарымыздың орташа жасы одан әрі төмендеп, 28,3-ке жетеді. Бұл – Солтүстік Америка (41,5), Еуропа (46,8), Қытай (48) сияқты басқа өңірлерге қатысты болжамдардан әлдеқайда төмен көрсеткіш.

Мұны бес елдің де экономикалық және әлеуметтік дамуына кең жол аша­тын бірегей бәсекелік артық­шы­лық деу­ге болады. Жастар экономика, технология және мәдениет сала­ла­рын­дағы жаңару үдерістерінің қоз­ғау­шы күші бола алады. Жаһандық бәсе­келестік жағдайында табысқа жету­дің кілті өскелең ұрпақтың қолында.

Осы орайда ғылым-білім саласын­дағы ынтымақтастықты тереңдету, жас­тар арасындағы байланысты ны­ғайту және жас ұрпаққа тың мүм­кін­діктер беріп, әлеуетін асыруға бағыт­талған ортақ құрылымдар қалып­тастыру – өзекті міндет.

Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты дамыту, бір-бірінің аумағында білім ордаларының филиалдарын және ортақ факультеттер ашу ісіне барын­ша қолдау білдіреді. Біз көрші елдер жастарының Қазақстанда жо­ғары білім алуға деген ұмтылысын жо­ғары бағалаймыз және олардың өз университеттерімізде оқуына бері­летін квота санын біршама арттырамыз. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алып жүр.

Кейінгі жылдары елімізде шетелдің бірқатар жетекші университеттің өкілдіктері ашылды. Ғылыми зерт­теулерді жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының саны артып келе­ді. Технологиялық парктер мен инже­нерлік орталықтар ашылып жатыр. Бұл жұмыс Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыру жөнін­дегі стратегиялық мақсатымыздың аясында жүргізіліп отыр. Біз жоғары білім берудің Орталық Азиядағы бірыңғай кеңістігін құру жолында күш-жігерімізді біріктіріп, сеніммен алға қадам бастық.

Алтыншы. Бауырлас халық­тар­дың мәдени-гуманитарлық байла­ныс­тарын үйлестіру негізінде елде­ріміздің өркениеттік бірегейлігін қалыптастыру маңызды миссияға айналып келеді.

Орталық Азияның заманауи кел­бетін жасай отырып, біз азамат­та­рымыздың ұлттық және өңірлік бі­ре­г­ейлігіне жаңа көзқарасты да қалып­тастырамыз. Бізді Орталық Азия­ға тән айрықша болмысымыз бірік­тіреді. Төл мәдениетіміз бен дәс­түр­леріміз де соның негізінде қалып­тасқан. Ортақ тарихи тамырымызды құр­меттеу, мәдениетаралық диалог және конфессияаралық келісім Орталық Азия бірегейлігінің өзегі саналады.

Тарихи жадымыз – халықтары­мыздың ұлттық сана-сезімінің мыз­ғы­мас тұғыры. Біз ата-бабалары­­мыз­дың жетістіктерін және бай мәде­ниетімізді мақтан тұтамыз. Осы орын­ды мақтаныш қазір барша ұлт­тар­­дың табысты дамуына, сондай-ақ олар­дың болашаққа сеніммен қадам басуына қуатты серпін береді. Сон­дық­тан біз ортақ тарихымыздың жарқын беттеріне көбірек назар ауда­руға тиіспіз. Орталық Азияның жал­пы тарихын түркі, парсы, араб, қытай, Ресей және Батыс Еуропа де­рек­көздеріне сүйеніп жазу маңызды міндет деп санаймын.

Жаһандық бәсекеге қабілетімізді арттыру үшін біз бірлігімізді сақтай отырып, ортақ мақсаттарға үздіксіз ұмтылуымыз керек. Ұлы Абай «Бірлік – ақылға бірлік» деп бекер айтпаған.

Қазір жер жүзінде геосаяси жобалар мен идеологемалар дәріптеліп жатыр. Мұндай жағдайда біз өзіміз­ге тән қонақжайлық, ынтымақ және өзара қамқорлық сияқты қасиет­терімізді, сондай-ақ отбасылық құн­ды­лықтарымызды және басқа да озық дәстүрлерімізді қамтитын руха­ни-мәдени кодымызды көздің қара­шығындай сақтауымыз керек.

*  *  *

Сөз соңында өңірлік ынтымақ­тастықтың шынайы ахуал ғана емес, өмірлік қажеттілік екенін атап айтқым келеді.

Геосаяси белгісіздік белең алып, әлем­дік тәртіптің қалыптасқан үлгісі ыды­рап тұрған қазіргі жағдайда бұл – шын мәнінде, бірден-бір оңтайлы тәсіл. Біздің болашағымыз бірлігі­міз­ді ны­ғайтуға, өзара сенімді арттыру­ға және барша әлемге ашық болуға байла­нысты. Осы қағидаттардың не­гізінде ға­на біз Орталық Азияның серпінді, ин­но­вациялық және мәде­ни бай өңір ре­тін­дегі ренессансын қамтамасыз ете аламыз.

Өңірлік бірлік парадигмасын күшейту қазіргі және болашақтағы сын-қатерлерге барынша лайықты жауап болады, жағымсыз үрдістерді тежеуге қатысты ортақ ұстанымдарды әзірлеуге мүмкіндік береді, кез келген сыртқы күшке қарсы тұруға қажетті пәрменді шаралардың негізіне айналады. Сол үшін Қазақстанның ұсынысы бойынша Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы дайын­далды. Онда көпқырлы және бес­жақты ықпалдастықты одан әрі дамыту бағдарлары айқындалған.

Біз өз тарапымыздан «Табысты Орталық Азия – табысты Қазақстан» қағидатын дәйекті түрде ұстанып келеміз және өңірдегі стратегиялық әріптестеріміз бен одақтастарымыз интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуға қаншалықты дайын болса, біз де соншалықты дайын екенімізді мәлімдейміз. 

 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті