Олжас Бектенов ЖЭО, желілер мен әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Жылу көздерін, инженерлік желілерді, әлеуметтік сала нысандарын дайындау және отын жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Бірқатар облыс әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.
Энергетика министрлігінің дерегіне сәйкес, биыл республика бойынша 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Жұмыс түрлі кезеңде 1 энергоблок, 28 қазандық және 22 турбинада жүргізіліп жатыр, 4 энергоблокта, 21 қазандықта және 17 турбинада толық аяқталды. Сондай-ақ 13,4 мың км электр беру желісі, 277 қосалқы станса, 2 292 тарату пункті жөнделді.
Сонымен қатар негізгі жабдықты жөндеуді бастау мерзімінің сақталмауы Қарағанды мен Маңғыстау облыстарындағы электр стансаларында байқалады. Министрлік жылыту кезеңіне дайындық қосымша назарда болатын энергетикалық кәсіпорындарды анықтады.
Үкімет басшысы жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалғанын еске салды. Олжас Бектенов жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру әдеті жұмыстың дұрыс жоспарланбағанын көрсететінін баса айтты. Мәселен, Қарағанды облысында № 2 қазандықты күрделі жөндеу аяқталған жоқ және «Qarmet» компаниясының 2-ші ЖЭО-дағы №1 қазандықты күрделі жөндеу басталмаған. Сонымен қатар №7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр, ал биылғы мамыр айында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралғанда өңір әкімі аталған нысанды мерзімінде іске қосылады деп мәлімдеген.
Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-ші ЖЭО-сындағы №4 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 2-ЖЭО-да құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл ретте Үкімет МАЭК-ті дамытуға қомақты қаражат бөлді.
«Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді. Біздің отырыстарымыз бен кеңестерімізде облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Бүгінде Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, желілерді жоспарлы түрде ауыстыру және заманауи жабдықтар орнатуға қатысты ауқымды жоспарлы жұмыстың маңыздылығы айтылды. Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктерінің алдына мынадай міндет қойылды.
Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры нысандарының әзір болуын қамтамасыз етсін. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауға алсын.
Осы жылыту маусымына дайындық барысын дұрыс ұйымдастыру мен үйлестіру мақсатында Роман Васильевич Склярдың басшылығымен жедел штаб құрылсын.