Жаңалықтар

Білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылына дайындығы

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Нұрғалиұлының және Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Аманқұлұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Білім беру ұйымдарының 2024-2025 оқу жылына дайындығы тақырыбында өткен баспасөз конференциясына өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.

Брифинг барысында жалпы облыстағы білім мекемелерінің жай-күйі, жаңа оқу жылына дайындығы, өткен оқу жылындағы білім сапасы мен оқушылардың жетісітігі, жоғары жылдамдықтағы интернет қолжетімділігі, білім мекемелерінің дайындығы бойынша мониторинг қорытындысы туралы айтылды.

Бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1239 мекеме жұмыс істейді. Оның 587-і мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 507-і орта білім беру ұйымдары, 42-і колледж, 76 қосымша білім беру ұйымдары, 25 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер болса, сондай-ақ Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы мен Жасөспірімдер үйі бар. Жалпы 337 мыңнан аса бала  мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде.

Облысымызда білім беру саласына 2023 жылы 280 млрд. теңге бөлінсе, 2024 жылы 319,2 млрд. теңге бөлініп отыр, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14%-ға өсті.