5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: үшінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан 21 алтын, 10 күміс, 17 қола жүлде еншіледі
Қазақстан ұлттық құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнін 7 алтын, 7 күміс, 9 қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.
Жамбы ату
«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен жамбы ату спортының Түркі стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қола жүлдені Айтбек Сарыбай жеңіп алды. Күміс жүлдені түркиялық Керем Игит еншіледі. Жарыстың екінші күнінде ұлттық құраманың үш бірдей спортшысы Азия стилінен жүлделі орындарға ие болған еді.
Аударыспақ
Аударыспақтан Сырым Ізбасаров (100 келі) моңғолиялық спортшы Ерболат Жеңісбекті жеңіп, алтын жүлде алды. 100 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев Қырғызстан спортшысы Кумушбек Қыдырәлиевтен басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал 90 келі салмақ дәрежесінде Есімхан Рахматіллә күміс жүлде еншілелі. Ол Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулынан жеңілді. Ұлттық құрама спортшылары аударыспақтан жалпы есепте бес алтын, бір күміс еншіледі.
Дәстүрлі садақ ату
«Арғымақ» ат-спорт кешенінде дәстүрлі садақ атудан «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қасымханның Көшпенділер ойындарындағы екінші қола медалі. Екінші жарыс күнінде «Пута» нысанасы бойынша Жәнібек Құлмырзаев алтын, Айкөркем Батихан қола жүлде алған болатын.