Еліміздің 6 өңірінде жабық тамыр жүйесі бар екпе материалды өсіру бойынша ағаш тұқымы кешенін салу жоспарланған
Мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 30,9 млн га құрайды, соның ішінде орманмен көмкерілгені – 13,7 млн га Қазақстан орманды елдердің қатарына жатпайды және орманмен қамтылу деңгейі 5%-ды құрайды. Президент өз Жолдауында ормандарды қалпына келтіру экологиялық теңгерімді сақтаудың және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының шешуші маңызы бар екенін атап өтті. Осы мәселеге ерекше назар аударылуда. Президент 2020 - жылы мемлекеттік орман қорында 2 млрд ағаш отырғызу және елдімекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырма берді. Оның орындалуы жайлы ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ брифингінде айтты.
Қабылданған кешенді жоспарларға сәйкес, 1,5 млрд астам ағашты және ағаш көшеттерін жергілікті атқарушы органдар отырғызады, 251 млн ағашты министрліктің ұйымдары, сондай-ақ 210 млн ағашты табиғат пайдаланушылар мен басқа да бастамашыл топтар отырғызады.
«2021 жылдан бүгінгі күнге дейін жалпы республика бойынша 975 млн дана көлемінде ағаш отырғызылып және егілді. 2021 жылдан бастап елді мекендер аумақтарында 12 млн астам ағаш отырғызылды. Арал теңізінің құрғаған ұлтанында орман мелиорациялау бойынша кең көлемді жұмыстар атқарылуда. 1,1 млн га жерге жұмыс жүргізу жоспарланған. 2021 жылдан қазіргі уақытқа дейін 413 мың га аумақта орман мелиорациясы жұмыстары жүргізілді», – деді спикер.
Жыл сайын 3 млн көшет шығаратын орман тәлімбағы құрылысы аяқталды, оның аумағы 33 га болды, сонымен қатар Арал теңізінің құрғаған ұлтанында тәлімбақ салу мәселесі қарастырылуда, сондай-ақ «Арал орманы» мемлекеттік орман табиғат резерваты құру мәселесі пысықталып жатыр.
«Президент орман көмкерген алаңды 2030 жылға қарай 13,7 млн-нан 14,5 млн га-ға дейін арттыруды тапсырды. Осы тапсырманы сәтті іске асыру үшін әлемдік стандарттарға сай келетін Семей орман резерватында жабық тамыр жүйесі бар екпе материалды өсіру бойынша ағаш тұқымы кешені тәжірибесі кеңінен қолданылатын болады. Аталған кешеннің ерекшелігі – стандартты көшет материалын отырғызу мерзімін 2 жылдан 1 жылға дейін азайтуға, сондай-ақ орман дақылдарының жерсінуін 90%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретін инновациялық технологияны қолдану болып табылады»,-деді ведомство өкілі.
6 өңірде осындай кешендер салу жоспарлануда. Министрлік өрт қаупіне дайындықты бақылауды күшейтті. 710 жауынгерлік есептоп жасақталып, 482 өрт сөндіру көлігі, 228 шағын орман өртін сөндіру кешені, 1518 трактор, 1307 күзет машинасы және 129 ұшқышсыз ұшатын аппарат тұрақты кезекшілікке қойылды. Түсіндіру жұмыстары аясында 49 мыңнан астам парақшалар таратылып, 1 мыңнан астам мақала жарияланды және 135 теледидар және радио бағдарламалары шығарылды.
Қабылданған шаралар 2023 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда орман өрттерінің алаңын 3 есеге, орманмен көмкерілген аймақта 5 есеге азайтуға мүмкіндік берді. 2027 жылға дейін орман мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықтарын толық жасақтауға жеткізу жоспарлануда.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тазарту, жасыл өсімдіктер отырғызу жұмыстары жүргізілді, БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз турлар өткізілді. Осы кезеңде акцияға 35 мыңнан астам адам қатысып, 796 тоннадан астам қоқыс жиналды және 326 мыңға жуық жас көшет отырғызылды.