Жаңалықтар

«Тараз – қолөнершілер қаласы» III Халықаралық қолөнершілер көрмесі

2024 жылғы 27-29 қыркүйек аралығында Тараз қаласында «Тараз – қолөнершілер қаласы» III Халықаралық көрмесін өткізу жоспарлануда.

Ежелден Ұлы Жібек жолы бойындағы қолөнер және сауда орталықтарының бірі ретінде әлемге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енгізілді. Бұл іс-шараны біздің өңірдің мәдени-туристік саласындағы ең ірі оқиға деп санауға болады! Қолөнершілер қалаларының Дүниежүзілік тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бүгінгі таңда бұл тізімге әлемнің 25 мемлекетінің 65 қаласы еніп отыр. Азия-Тынық мұхиты қолөнершілерінің Дүниежүзілік Кеңесінің (WCC-APR) штаб-пәтері Эль-Кувейтте орналасқан. Президенті Саад-аль Каддуми. Ал біздің қасиетті Таразымыз осы тізімге 56 қала болып енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие болды. Біздің сүйікті қаламыз осы тізімге өзінің үлкен туристік және қолөнершілік әлеуетінің арқасында еніп, осындай үлкен құрмет пен мәртебеге лайықты түрде ие болып отыр. 1964 жылы Бельгияда халықаралық ұйым ретінде тіркелген, құрамында әлемнің 20 елінің өкілдері бар, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің талаптарына сәйкес, Тараз қаласында жыл сайын Халықаралық қолөнершілер көрмесі өткізілуі тиіс. Оның үстіне, ағымдағы жылы Тараз қаласы 2 жылдық аккредитациядан өтуі қажет. Халықаралық көрмені өткізудегі негізгі мақсат – өңірдің әлемге танымалдылығы мен туристік имиджін көтеру, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету, шетелдік және жергілікті қолөнершілер арасында достық қарым-қатынас пен ынтымақтастық орнату, тәжірибе алмасу, бәсекелестікке төтеп беру, жоғалып бара жатқан ежелгі қолөнер түрлерін сақтап қалу және қайта жаңғырту, танымал шеберлер мен қолөнер әлеміне енді қадам басқан жас мамандардың таланттары мен талғамдарына қолдау көрсету болып табылады. Көрмеге еліміздің үздік қолөнершілері, жақын-алыс шетелдерден келген қонақтар, еліміздің мәдениет және өнер саласының майталмандары, колөнершілерді қолдау қорлары мен ұйымдары, жалпы алғанда 200-ден астам қолөнершілер қатысады. Атап айтқанда, олар: Ресей Федерациясынан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Швейцариядан, Болгариядан, Монғолиядан, Үндістаннан, Қазақстанның басқа өңірлерінен келген және жергілікті қолөнершілер. Үш күнге есептелген іс-шара аясында қолөнершілер көрмесі, кәдесый өнімдерін сату жәрмеңкесі, сән топтамаларының көрсетілімі, қолөнер шеберханаларының мастер-класстары, «Тараз мотивтері» қолөнершілер байқауы, гала-концерт, сонымен қатар Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлерін аралау бойынша ақпараттық турлар ұйымдастыру қарастырылған. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді.