Жаңалықтар

Сібір жарасының ошағы маңындағы жер учаскелері мемлекетке қайтарылды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті өңірдегі «Сібір жарасы» ауруының таралуына байланысты жер саласына жүргізген мониторинг кезінде аталған бағыттағы бірқатар проблемалық мәселелерді анықтады.

​ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а 2022 жылғы 11 қаңтардағы №ҚР ДСМ-2 бұйрығымен бекітілген «Адамның тіршілік ету ортасы мен денсаулығына әсер ету объектілерінің санитариялық-қорғау аймақтарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес, Сібір жарасы жерленген жерлеу орындары 1-сыныпқа жатады және олар үшін кемінде 1000 метрлік санитарлық-қорғау аймағы белгіленген.
​Дегенмен, мониторингпен аталған заңнаманың талаптары жер бөлу кезінде жергілікті атқарушы органдарының назарынан тыс қалғандығы, жер саласындағы мамандардың нақты жердің санитарлық аймақта орналасқанын бақыламайтыны белгілі болды.
​Қазіргі таңда Жамбыл облысында 189 Сібір қорымы бар екендігін ескере отырып Департаменттің ұсынысы негізінде жер бөлу барысында ветеринария саласындағы уәкілетті органның келісімі арқылы рәсімдеу тәжірибесі енгізілді, сондай-ақ, Талас ауданындағы сібір жарасы көмінділеріне жақын орналасқан 27 гектарды құрайтын 4 жер учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылды.