Жаңалықтар

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН ЭММАНЮЭЛЬ МАКРОН БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Президент, ең алдымен, Эмманюэль Макронға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, ерекше қонақжайлық көрсетіп жатқан француз халқына алғысын айтты.

– Біз үшін осы сапардың маңызы зор. Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі. Қарым-қатынасымыз 34 жылдың ішінде стратегиялық сипатқа ие болды. Астана мен Париж барлық деңгейде өзара түсіністікке негізделген саяси диалог орнатты. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс нығая түсті. Нақты шарттық-құқықтық база қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Франция Президентімен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне баса назар аударды.

– Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард доллар болды. Ал биыл бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткіздік. Франция – еліміздің алтыншы ірі инвесторы. Француз компаниялары Қазақстанға қомақты инвестиция салды. Оның көлемі 19,5 миллиард долларға жуықтады. Атап айтқанда, Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді алпауыт компаниялар бар. Мұнай-газ, тау-кен, өнеркәсіп, құрылыс, авиация, машина жасау, денсаулық сақтау салаларында  ықпалдастық артып келеді, – деді Қазақстан Президенті.