Жаңалықтар

2024 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар 390 млрд теңгеге жуық сомаға жәрдемақы алды

Жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен орта есеппен 575,8 мың отбасы жалпы сомасы 389,8 млрд теңге мөлшерінде қамтылды, оның ішінде қазан айында 570 мың отбасына 41 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Бұл мемлекеттік жәрдемақыға бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді және 2024 жылы:

- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 59 183 теңге;

- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге;

- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 88 793 теңге;

- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге;

- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әрбір балаға 4 АЕК немесе 14 768 теңге мөлшерінде төленеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға артты.

Биыл көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 474 млрд теңге қарастырылған.