ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ БІЛІМ
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Садырқұлов Рауан Нұрғалиұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Қолжетімді әрі сапалы білім тақырыбында өткен жиында басқарма басшысы өңірдегі білім саласының даму көрсеткіштеріне тоқталды. Биылғы оқу жылында 610 мектепке дейінгі мекемеде 60 346 бала тәрбиеленіп жатса, 513 жалпы білім беретін мектепте 246 358 оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 77 қосымша білім беру ұйымдарында 68 730 бала қамтылып, ал 42 техникалық және кәсіптік білім мекемесінде 27 405 студент білім алуда. Жалпы 402 928 баланы қамтитын білім саласының жай-күйін баяндаған Рауан Нұрғалиұлы, алдымен, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кезекте тұрған балаларға жолдама беру, мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру мәселелерінің шешімі ретінде енгізіліп жатқан пилоттық жобалардың жүргізілу барысы туралы айтылды. Қазіргі таңда кезекте тұрған мектеп жасына дейінгі балаларға мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 20447 балаға ваучер, 9398 балаға жолдама беріліп, мектепке дейінгі ұйымдарға орналастырылған екен. Сонымен қатар, баспасөз конференциясы барысында өңірде бой көтеріп жатқан білім нысандарының саны мен жасалған ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының сапасы туралы да сөз қозғалды. «2024 жылға 36 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылып, бүгінгі күні 11 білім нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 білім беру нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептердің бүгінгі күні 3-еуі балалар игілігіне берілді. Балалардың кедергісіз білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған мектептер желісінің біреуі Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында ашылса, екіншісі Тараз қаласындағы Бәйтерек мөлтек ауданында, ал, үшіншісі - күні кеше «Ұлы Дала» мөлтек ауданында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 10 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылға 171 жаңа үлгідегі химия, физика, биология кабинеттері, 7 STEM, 5 робототехника кабинеттері, 24 ұлдар мен 23 қыздарға арналған шеберханалар сатып алынды»,- деді басқарма басшысы.
Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, оның алдын алу шараларын жүргізу, олардың құқықтық білімін арттыру - өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бүгінде осыған орай Жамбыл облысында бірқатар мазмұнды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, құқықтық тәрбие жұмыстарын жетілдіру, қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында облыста 93 мобильдік топтар құрылған. Сондай-ақ, бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін өңірде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», АИК (Аналитикалық интернет карта) жобалары мен KiVa, «ДосболLIKE» сынды бағдарламалар да іске асырылуда.Жамбыл облысындағы білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру мақсатында Білім басқармасы жанынан Психологиялық қолдау орталығы ашылып, жұмыстар жасалуда. Өңірдегі білім мекемелерінде қызмет ететін психолог мамандардың біліктілігімен қатар оқушылар мен ата-аналарға да психологиялық көмек ұйымдастыратын орталықта алдағы уақытта 24/7 режимде тегін қызмет көрсететін сенім телефонының жұмысын ұйымдастыру жоспарлануда.
Облыс көлемінде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыста кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 14,3% төмендеген.
Сондай-ақ, басқарма басшысы ерекше білім алуды қажет ететін балаларға жасалып жатөан жағдай мен техникалық және кәсіптік білім беру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар турасында да сөз қозғады.