Заңнамаға өзгеріс енгізудің арқасында балаларға қарсы қылмыс жасайтындардың жауапкершілігі күшейтілді
Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанда бала құқығын қорғау жүйесі қалыптасты. Халықаралық құжаттарды имплементациялау және қолдану бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Біздің ел адам құқықтарына қатысты 60-қа жуық халықаралық шартты ратификациялады, оның 15-і балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне қатысты. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Абылай Такиров ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында хабарлады.
Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Мәселен, зорлық-зомбылық, жыныстық сипаттағы қылмыстар ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды. Енді мұндай әрекеттерге барғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Балаға зорлық-зомбылық жасаған жақын туыстарға қатысты бөлек норма енгізілді. Бала тәрбиесімен жөнді айналыспайтын ата-аналарға қатысты қозғалған қылмыстық істер саны екі есеге артты.
Жауапты инспекторлар мектептерді аралап, балаларға қарсы жасалатын бұзушылықтарды анықтаумен айналысады. Патрульдік полиция қызметкерлері көшеде жүрген жасөспірімдерді қадағалауға алды. Осындай шаралардың арқасында балалар құқықтарын қорғау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу мүмкін болды. Соңғы бес жылда жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайды.
«Қабылданған профилактикалық және заңнамалық шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда жасөспірімдер қылмысының тұрақты төмендеуі байқалады. 2019 жылдан бастап мұндай қылмыстар саны үштен бірге қысқарды. Ағымдағы жылы да оң динамика сақталуда – 6%-ға төмендеген», – деді спикер.
Бұл ретте негізінен мүліктік сипаттағы қылмыстар жасалатыны атап өтілді. Себептердің қатарында ата-аналардың балалардың тәртібін бақыламауы, адамгершілік тәрбиенің болмауы, сондай-ақ жасөспірімдердің қолының бос болуы. Биыл түнгі уақытта балалары үйде болмаған 100 мыңнан астам ата-ана жауапқа тартылды.