Жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ САЛАСЫНДАҒЫ ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев AIem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды. Орталық елімізді жасанды интеллектке бағдарланған мемлекетке айналдыру, сондай-ақ қоғамдық және экономикалық өмірінің барлық саласында ақпараттық технологиялардың дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Орталық жанынан Tomorrow School және Tumo Education мектептері ашылады. Мұнда жыл сайын мыңнан астам оқушыға бағдарламалау машықтарын, роботты техниканы және басқа да креативті технологияларды үйрету, сондай-ақ жоғары білікті 1000 маман даярлау жоспарланып отыр. AIem.ai халықаралық орталығы стартаптар акселерациясы және зерттеу жобаларын қолдауға арналған кампус ретінде қызмет көрсетеді.