Жаңалықтар

Балық аулау кезеңіндегі қауіпсіздік және пиротехникалық бұйымдарды сатуға, пайдалануға қойылатын талаптар

Жамбыл облысында 112 тоған мен 100-ден астам өзен бар. Біздің өңірде балық аулау кеңінен дамыған.

Балықшылардың ең көп шоғырлануы - Шу, Талас, Аққөл, Билікөл, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлак және Ынталы су қоймаларында байқалады. Балықшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жыл басынан бері  800-ден астам рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. Профилактикалық іс-шаралар аясында 8 мыңнан астам ақпараттық материал таратылып, қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттандыру акциялары жүргізілді.

 

Қысқы кезеңде суға бату оқиғаларын болдырмауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта бұқаралық ақпарат құралдарында 95 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 12 бейнемазмұн орналастырылды, 8 телевизиялық және 12 радио эфирлер ұйымдастырылды. Өткізілген іс-шараларға қарамастан, 2024 жылдың қыс мезгілінде балық аулау кезінде 2 адам суға батып қайтыс болды. Осыған байланысты балықшыларға қауіпсіздік ережелерін сақтау және алкогольдік масаң күйде балық аулаудан аулақ болу ұсынылады. Төтеншеліктер ата-аналардан балаларын мұзға қараусыз жібермеуді де сұрайды.

 

Бұдан басқа, 1-31 желтоқсан аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде. Профилактикалық шаралар мен тексерулер саны артты. Бұл шаралар өз нәтижесін беріп, өрттер саны өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға азайған. Қысқы маусым шеңберінде әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін 2 мыңнан астам көмірқышқыл газын және табиғи газды анықтайтын датчиктер орнатылды.

 

Мереке қарсаңында пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуына қарсы рейдтік шаралар жоспарланып отыр. Пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде бірнеше қарапайым, бірақ маңызды қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет екенін ескертеміз: өнімнің қаптамасын, жарамдылық мерзімін, сертификаттың болуын және тек ашық ауада, нұсқаулыққа сәйкес сатылуын байқау қажет.

 

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс 2024-2025 ж. қысқы кезеңде жалғасады, судағы және пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезіндегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылатын болады.