Жаңалықтар

Жыл қорытындысы: Ел экономикасының шикізаттық емес секторды дамыту, инвестиция тарту және бизнесті қолдау шараларын күшейту арқылы өсуі

Primeminister.kz сайтының редакциясы еліміздің 2024 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланым топтамасын жалғастыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мұнайдан тыс секторды дамытуға бағытталған экономиканы құрылымдық өзгерту бойынша бірқатар шара қабылдады. Отандық өндірушілерді қолдау құралдарын күшейту арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру және іскерлік белсенділікті күшейту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны

Алдын ала бағалау бойынша осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,4%-ды құрады, ол негізінен мұнайдан тыс секторды дамытумен қамтамасыз етілген. Экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасты. Салалар бөлінісінде келесідей динамика байқалады: ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығарудың 13,4%-ға өсуі байқалды, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады; құрылыста – 10,3%; саудада – 8,2%; көлік қызметтерінде – 8,1%; байланыста – 5,3%; өңдеу өнеркәсібінде – 5,3%. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті.

Сыртқы сауда айналымы биылғы 10 айда $116,9 млрд-ты құрады. Қазақстандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өсті, ақшалай баламада көрсеткіш – $68,5 млрд. Бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, $23,3 млрд-қа жетті.  Шикізаттық емес экспорттың тұрақты өсуі көбінесе қазақстандық тауарларды Қытай мен Түркияға жеткізу көлемінің артуымен, сондай-ақ Еуропа нарықтарындағы қатысудың кеңеюімен байланысты. 

ҚХР-ға экспорт көлемі 5,3%-ға өсіп, $12,3 млрд-ты құрады. Бұған мемлекет пен бизнестің бірлескен белсенді жұмысы ықпал етті. Қытай тұтынушылары арасында отандық өнімдердің танымалдылығын арттыру мақсатында қазақстандық компаниялардың CIFTIS, CIIE, Digital Expo сынды үлкен көрмелерге және басқа да шараларға қатысуы қамтамасыз етілді. Сондай-ақ jd.com, Doiyin, Alibaba электронды платформаларындағы ұлттық павильондар арқылы  тауарларды ілгерілету жұмыстары жанданып, стримингтер ұйымдастырылды.

Ирландия, Швейцария және Франция сияқты ЕО елдеріне экспорттық ағындарды өсіру олардың диверсификацияланғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты көршілес елдерге шикізаттық емес экспорттың өсуі Қазақстанның саудасы үшін Орталық Азия өңірінің маңыздылығын айғақтайды. 

Биылғы қызмет көрсету экспорты 10,5%-ға өсіп, $8,4 млрд деңгейінде тіркелді. Осы сектордың драйверлері болып  тасымалдау, ІТ, қаржы және басқа іскерлік қызметтер салалары аталды.  

Сонымен бірге есепті кезеңде импорт  3,3%.-ға қысқарды. Импорттың төмендеуімен қатар жүретін экспорт көлемінің ұлғаюының нәтижесі экономиканың оң сауда балансының 33,4%-ға өсуі болды. Аталған көрсеткіш  $20,1 млрд деңгейінде қалыптасты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл инфляция төмендеп, қараша айында жылдық мәнде 8,4%-ды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңінде инфляция 10,3% деңгейінде болды.

Қазақстанның дербес несиелік рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде сақталды

2024 жылдың 9 қыркүйегінде Moody's халықаралық рейтинг агенттігі несиелік рейтингті «Тұрақты» деген болжаммен «Ваа2»-ден «Ваа1»-ге дейін көтерді. 

2024 жылдың 15 қарашасында Fitch еліміздің несиелік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, сонымен қатар болжамды «Тұрақты» деңгейде ұстады. 

2024 жылдың 1 наурызында S&P болжамды «Тұрақты» деңгейде сақтап қалып, дербес несиелік рейтингті  «BBB-/А-3» деңгейінде растады. 

Несиелік рейтингтің жоғарылауы экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, еліміздің халықаралық аренадағы беделін жақсартуға ықпал етеді, капитал нарықтарынан инвестициялар тартуға және экономикаға тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң әсер етеді. Айта кету керек, мемлекеттің рейтингі неғұрлым жоғары болса, сыртқы нарықта қарыз алу шарттары соғұрлым жақсы болады.

Бизнесті қолдаудың жаңа құралдары арқылы елішілік құндылықтың өсуі

Үкімет осы жылы кәсіпорындарды одан әрі ірілендіруге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға баса назар аудара отырып, отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. Осындай шаралардың бірі шетелдік әлеуетті өнім берушілердің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға және квазимемлекеттік компанияларды сатып алуға қатысуына қол жеткізуін шектеу болып саналады.  Биыл тізбе 3 еседен астамға – 4 536 атауға дейін кеңейтілді. Нәтижесінде, тек 2024 жылдың 9 айында мониторинг субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу көлемі 21,2 трлн теңгені құрады, оның ішінде елішілік құндылығы  11 трлн теңгеге немесе 51,8%-ға жетті. Жылдың 11 айында отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттардың сомасы 34,4%-ға өсіп,  372,9 млрд теңгені құрады. Офтейк-келісімшарттар бойынша көлемі 14 есеге, 134 млрд теңгеге дейін өсті. Қатты пайдалы қазбалар мен ОТӨ бойынша жер қойнауын пайдаланушылар арасында жалпы сомасы 111,1 млрд теңгеге 248 ұзақ мерзімді шарт және 27,8 млрд теңгеге 42 офтейк-келісімшарт жасалды. Салыстыру үшін: 2023 жылдың сәйкес кезеңінде 47,5 млрд теңгеге 35 ұзақ мерзімді шарт және  4,8 млрд теңгеге 10 офтейк-келісімшарт жасалған болатын. 2024 жылдың қорытындысында қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысы мен қызметтерін сатып алудағы елішілік құндылық үлесі бойынша индикатор 81% деңгейінде айқындалды; 2025 жылға арналған жоспарда оны 82%-ға дейін жеткізу көзделген.

Биыл мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жаңа қағидалары бекітілді. 2024 жылғы 1 шілдедегі «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес, Қағидаларда жұмыс тәжірибесі мемлекеттік сатып алу аясында орындалған шарттар бойынша және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтері бар басқа да шарттар бойынша есепке алынады. Тапсырысты орындаушы қосалқы мердігерлер атқаратын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Заңнамалық өзгерістер конкурсты өткізу мерзімдері мен өтінімдерді беру рәсімдерін қамтиды. Өтінім беру мерзімі 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Қағидалар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Экономикадағы ШОБ үлесін арттыру

Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қабылданған шаралары экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 1,8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді және бүгінде ол 38,2%-ды құрайды. Осы жылдың 1 желтоқсанында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 1,5%-ға артып, 2 млн кәсіпорыннан асты. Осы секторда барлығы 4,2 млн-нан астам қазақстандық жұмыспен қамтылды. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 2024 жылдың 2 тоқсанында 19,1%-ға ұлғайып, 34,2 трлн теңгені құрады.

Қазақстанда экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау жаңа деңгейге жетті: бизнеске 6,3 млрд теңге көлемінде шығындарды өтеу қамтамасыз етілді. Салалардың әртараптандырылуына ерекше назар аударылып отыр. Бұл елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді. Қабылданған өтінімдер саны бойынша көшбасшылар қатарында Қостанай облысы, Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстары тұр. Биыл жалпы 500-ге жуық компания түрлі қолдау шараларын алды, оның ішінде экспорттық акселерация бағдарламасына қатысу, Alibaba.com платформасына шығу, көрмелер мен сауда-экономикалық миссияларға қатысу, шығындарды өтеу және басқа да шаралар бар. Олардың 90%-дан астамы азық-түлік саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері.

Президент қол қойған Бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң аясында биыл тексеруден профилактикалық іс-шараларға көшу арқылы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесі қайта қаралды. 66 саланың тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жүргізілді. Бизнес-ахуалды жақсарту және әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында «таза парақтан» реттеуді енгізу бойынша жұмыс жалғасуда. Өңірлік маңызы бар актілер талданып, бизнеске 1 мыңға жуық негізсіз талаптар анықталды. Әкімдіктер оларды алып тастау бойынша жұмыс жүргізуде.

Сондай-ақ биыл кәсіпкерлікке арналған міндетті талаптар тізілімі іске қосылды, оның ерекшелігі кәсіпкерлерді тізілімнен шығарылған және мерзімінде жойылмаған талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босату болып саналады.

Президенттің бастамасымен «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» атты екі бағдарламаның құралдарын біріктірген Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаны қабылдау маңызды қадам болды. Мықты және бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру мақсатында тиімді жобаларға қолдау көрсету көзделген. Сонымен қатар жаңа жобаларды субсидиялау үшін бюджетті бөлу негізінен өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындар арасында жүзеге асырылады (шамамен 50%).

ШОБ жобаларын нарықтық жағдайларға кезең-кезеңімен көшумен субсидиялаудың сараланған әдісі көзделген.  Кредиттер бойынша кепілдік беру құралы кеңейтілді: кепілдіктер сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды және бизнес субъектілері үшін 1 млрд теңгеден астам несие сомасы бойынша нарықтық шарттарда кепілдік алуға мүмкіндік берілді. Биыл барлығы 840,5 млрд теңге кредиттердің жалпы сомасына 14,5  мың жоба субсидияланды, төленген субсидиялар сомасы 226,2 млрд теңгені құрады. 241,2 млрд теңгеге 7,3 мың жоба бойынша кепілдіктер берілді. ШОБ-ты қолдаудың тағы бір құралы синдикатталған кредиттеу болды, ол бір мезгілде бірнеше банктер 15 млрд теңгеге дейінгі ірі жобаларды қаржыландыруды көздейді.

Облигациялық қарыздар беру шарттары кеңейтілді: эмитент-кәсіпкер облигация шығарылған кезде купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауды ала алады және 5 жылға дейінгі мерзімде 5 млрд теңгеге дейін 6%-бен қаржыландыруға қол жеткізе алады. 

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін биыл 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік гранттар және салалық шектеулерсіз 7% мөлшерлеме бойынша 1,5 млрд теңгеге дейінгі кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау енгізілді.

Кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру

Бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылы саласындағы негізгі бағыттардың бірі цифрландыру болып саналады. Ыңғайлы цифрлық экожүйені қалыптастыру мақсатында кәсіпкерлердің бір порталда мемлекеттік қызметтерді, қолдау шараларын және мемлекетпен өзге де өзара іс-қимылды алуы үшін «Бизнестің цифрлық картасы» жобасы әзірленуде. Азаматтардың жеке кабинеті секілді бизнестің жеке кабинеті енгізіледі, бұл әкімшілік рәсімдерді жеңілдетеді және процестердің ашықтығы мен тиімділігін арттырады. Биыл Қазақстанда электрондық форматта барлығы 99,3% мемлекеттік қызмет көрсетілді. Қағаз құжат айналымын одан әрі оңтайландыру жүргізілуде.

Сондай-ақ бизнестің операциялық шығындарын төмендетуге бағытталған есеп-қисапты автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылдың соңына дейін барлық есеп-қисаптың 40%-ын оңтайландыру жоспарлануда. ШОБ-ты одан әрі өсірудің тағы бір құралы арнайы келісім болады, оның шеңберінде кәсіпкерге салалық отандық және шетелдік консультанттарды тарта отырып, атаулы консалтингтік көмек көрсетіледі.   

Жалпы биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсетті. Бұл өсім мұнайдан тыс сектордың қарқынды дамуының нәтижесінде жүзеге асып, әртараптандыру саясатының оң әсерін көрсетіп отыр. Несиелік рейтингтің жоғарылауы мен инвестициялардың артуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оңтайландыру арқылы бизнес климатқа және әрі қарай да инвестиция тартуға оң ықпал етуде. Экономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайту Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып қала береді.