ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ БАТЫЛ ҚАДАМДАР ЖАСАЛУДА
Елімізде интернет-алаяқтық қылмыстарының көбеюіне байланысты Мемлекет басшысы бұл бағытта алдын алу шараларын күшейту туралы тапсырма берді.
Құқық қорғау органдарының әрекеті
Жамбыл облысының прокуратурасы интернет-алаяқтықтың алдын алу, қылмыстарды ашу және тергеу сапасын жақсарту мақсатында бірқатар үйлестіру шараларын қабылдады. Құзырлы органдардың қатысуымен мекемеаралық жиналыстар ұйымдастырылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
«Cyberpol» жұмыс тобы құрылды
2024 жылдың 4 қарашасында облыс прокурорының өкімімен полиция және прокуратура қызметкерлерінен құралған жаңа «Cyberpol» жұмыс тобы құрылды. Бұл топ арнайы бөлінген ғимаратта заманауи құрал-жабдықтармен және ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілді.
Жұмыс нәтижелері:
• 267 интернет-алаяқтық қылмысының 90-ы ашылып, күдікті тұлғалар жауапқа тартылды.
• Қылмыстарды ашу деңгейі 34%-ға өсті.
«CyberShekteuTaraz» телеграм-боты іске қосылды
Прокуратураның бастамасымен интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту үшін «CyberShekteuTaraz» телеграм-боты әзірленді. Бұл бот арқылы тұрғындар күмәнді ақпараттарды жібере алады:
• Қатерлі сілтемелер,
• Алаяқтардың телефон нөмірлері,
• Әлеуметтік желілер мен маркетплейстердегі жалған жарнамалар.
Бүгінгі күнге дейін бот арқылы 114 шағым қабылданып, олар бойынша бұғаттау шаралары қолданылды.
Тұрғындарға ескерту:
Интернет-алаяқтардың құрбаны болмас үшін жеке деректеріңізді қорғаңыз және күмәнді әрекеттерді «CyberShekteuTaraz» телеграм-ботына хабарлаңыз. Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік!