Әлеумет Техниканың тілін тапқан
Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттау мақсатында Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Ел ішінде адал еңбек етіп, адал табыс тауып, өз арасында үлгі болып жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – Жамбыл ауданына қарасты Қарасу ауылдық округінде тұратын Сатбек Дүйсенбаев.
Сатбек Дүйсенбаев 45 жыл Ащыбұлақ ауылында механизатор болды. Аядай ғана ауылда барлық шаруаның тірлігін тиянақты етіп отырған маман техниканың тілін жетік меңгерген. Еңбек адамының айтуынша, біле білген адамға механизатор нағыз мамандықтың төресі. Өйткені, әр ауылда жылдан-жылға сұраныс та артып келеді. Табыс та жоғары.
– Мектеп бітірген уақытта ағам әскерге аттанып, отбасымдағы барлық шаруа маған жүктелді. Содан бастап үй шаруасына жауапты адам ретінде қалыптасып, көп ұзамай техника тізгіндеп те үйрендім. Кеңшарда мал шаруашылығымен айналысатындықтан, жұмысымыздың басым көпшілігі соған байланысты болды. Жастайымыздан жаз болса Мойынқұмға барып шөп орып, соны таситынбыз. Солай жан-жақты ізденіп жүріп, саланың қыр-сырын меңгере бастадым. Әрбір өткен жыл мен үшін тәжірибе алаңына айналды. Жұмыс бабының да өз қызығымен қатар қиындықтары да көп болады. Техника тілін меңгеру оңай шаруа емес. Оған үлкен төзім мен жауапкершілік қажет. Техника темір десек те, оның да жай-күйін реттеп, көңіл бөліп тұру аса маңызды, – дейді С.Дүйсенбаев.
Жас кезінде «Пионер» шаруа қожалығынан өз еңбек жолын бастаған Сатбек Дүйсенбаев зейнет жасқа дейін өз саласы бойынша еңбек етіп, ауылдың-дамуына, өркендеуіне өзіндік үлес қосқан. Ол өзінің еселі еңбегінің арқасында Кеңес Одағы тұсында өз саласы бойынша түрлі жарыстарға қатысып, алыс-жақын шетелдерді аралаған.
Бүгінде жары Әлия Райқұлова екеуі ұл-қыз өсіріп, немере бағып отырған қариялар жастарға адал еңбекті үнемі насихаттап отырады. Ащыбұлақ ауылының тұрғыны биыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы қара жұмыспен табыс тауып жүргендерге үлкен қолдау болатындығын айтады. Осылайша, жұмысшы мамандықтарға қоғамның құрметі артады және маман тапшығы мәселесін жоймақ.