Аймақ Теміржолда тер төккен
Жұмысшылар жылында елімізде еңбек адамының мәртебесін арттыру, олардың өмір жолын өскелең ұрпаққа дәріптеу маңызды міндеттердің бірі саналады. Осындай көпке тындырымды еңбегімен үлгі болып жүрген жанның бірі – теміржол бақылаушысы Нұрғали Қарғабаев.
Оның Аса теміржол стансасында ғана емес, Жұма, Өрнек ауылдарына дейінгі аймақта шойын жолдың бақылаушысы болып жұмыс істеп жүргеніне де біраз жылдың жүзі болыпты. Қарапайым отбасында өскен ол әке жолын қуып, темір жолда жұмыс істеуге бел буған. Өзінің кәсіби шеберлігімен әрі еңбекқорлығымен бір салада 34 жылдан аса қалтқысыз жұмыс істеп келе жатқан жол бақылаушының қызметі жеңіл емес. Ол ат үстінде сонау бірнеше шақырымды таңның атысы мен күннің батысына дейін қарауылдап, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүреді. Осылайша пойыз вагондарының бір-біріне жалғанатын тіркемесі дұрыс жалғанғанын, олардың жүруге дайындығын, жол кедергілерін толық бақылап, Аса стансасының операторларына хабарлап отырады.
– Жұмысым ауыр болғанымен, өзіме ұнайды. Бала күнімде әкеме ұқсағым келетін. Әкем Дүйсен осы салада бірнеше жыл абыройлы қызмет атқарса, оның ағасы Сағынтай да осы Аса стансасы бекетіндегі бөлімшеде ревизор болған. Мен сол кісінің нұсқауымен 1992 жылы қараша айында қарапайым жұмысшы болып қабылдандым. 1994 жылы басшылық тарапынан 2003 жылға дейін жол шебері болып істедім. Жұмысшылардың жетіспеуінен басшылар мені рельстерді бақылаушы етіп осы жұмысқа ауыстырды. Қазір отбасымда үш ұл, екі қызды өсіріп, тәрбиелеп жатқан жайым бар. Оларға қашанда адалдықты сүй, өз мамандығыңды сүйіп атқарған еңбегің еш кетпейді деп айтып отырамын. Өзім жақсы көретін осы кәсібімнің арқасында отбасымды да қамтамасыз етіп, балаларымды да жетілдірдім, – дейді Нұрғали Дүйсенұлы.
Бүгінде қауіпті аймаққа жататын теміржол маңында сақтық шараларын тұрғындардың да өре скел бұзуы алаңдататыны жасырын емес. Әсіресе, жасөспірімдер мен мектеп оқушыларының теміржолды кесіп өтерде қарапайым ережелерді сақтамауынан қайғылы жайттар орын алып жатады. Сондай-ақ, теміржол маңында ескерту белгісі немесе арнаулы өтпесі жоқ жерден мал айдауға мүлде болмайды. Ал мұндай қағидалар сақталмаса, шойын жолда келе жатқан пойыз лезде тоқтауға мүмкіндігі жоқ болып, келеңсіздікке ұрындырары анық. Маманның айтуынша, теміржол маңайында азаматтардың ішімдік ішіп масаң күйде теміржол үстінде жүруі, қараусыз қалған малдың пойыз астына түсу оқиғалары жиі орын алады. Бұдан бөлек, бұзақылардың тоқтап тұрған пойыз вагондарының дөңгелектеріндегі қажетті құрылғыларды ұрлап немесе бүлдіріп кету жайттары жиі кездеседі. Теміржолдың бөлшектерін металлға сату үшін сындырып алып кететіндер де бар.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алып, жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, өз қызметінің құрметтісі бола білген Нұрғали Қарғабаевтың еңбек жолы барша азаматтарға үлгі-өнеге бола бермек.