Тауарларын экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде
Былтыр елімізде шикізаттық емес экспорт көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 11,9% өсіп, 28, 8млрд АҚШ долларын құрады, ал қызметтер экспортының көлемі 11,4 млрд АҚШ долларын құрады. 120-дан астам шет мемлекетке 4 мыңға жуық тауар позициясы экспортталды. Қазақстанның өңделген тауарлар бойынша негізгі сауда серіктестері – Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германия елдері. 2024 жылы 600-ге жуық компания қолдау тапты, оның 80%-ы шағын және орта бизнес субъектілері. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында хабарлады.
Ол Министрлік тарапынан көрсетіліп жатқан шаралар жайында айтты.
«2024 жылы біз келесі жұмыстарды жүргіздік. Дубай, Чэнду, Кабул, Нанкин, Үрімші, Душанбе, Милан, Ташкент, Уфа және Бішкек қалаларына 10 сауда-экономикалық миссия ұйымдастырдық. Шанхай қаласындағы 7-ші Қытай халықаралық импорт көрмесін жасадық. Оған көптеген компания қатысып, 120 млн долларға дейін экспорт жөніндегі келісімге қол жеткіздік. Сонымен қатар шет елдерінде және Қазақстанда өткен халықаралық көрмелерге қазақстандық компаниялардың қатысуы ұйымдастырылды»,-деді спикер.
Қазақстан Республикасының аумағында бизнес-форумдар ұйымдастырылды. Оның ішінде Қазақстан – Қырғызстан, Қазақстан – Өзбекстан, Қазақстан – Ауғанстан бизнес-форумдары бар.
Alibaba.com платформасында 70 компания «Gold Supplier» мәртебесі бар аккаунттарына ие болды. Сатылымдардың жалпы сомасы 87 млн АҚШ долларын құрады. Экспорттық акселерация бағдарламасында 120 компания қатысушы болды. Бағдарлама шеңберінде халықаралық нарықтардағы жағдайды талдау және болжау, экспорттаушыларға арналған презентациялық материалдарды дайындау, экспорт стратегиясы мен жоспарын жасау бойынша жұмыс жүргізілді.
2024 жылда экспорттаушыларға шығындардың бір бөлігін өтеуге 6,3 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Өтеу жөніндегі комиссияның ұсынысы бойынша 301 өтінім бойынша 129 экспорттаушы мақұлдау алды.