Жаңалықтар

Жамбылда «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция басталды

Аталған шара өңірімізде 3-і жыл қатарынан ұйымдастырылуда Жамбыл облысында «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция басталды

Экспедицияның ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөзін айтып, өңірдің тарихи-мәдени орындарымен танысу, әрі дәріптеудің маңызы жоғары екенін атап өтті.

- Бүгін Жамбылдың жалынды жастарымен «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедициясының ашылу салтанатында жиналып отырмыз. Тарих қойнауынан сыр шертетін киелі Әулиеата өңірінде бұл экспедицияның басталуы маңызды. Тарихи-танымдық шаралар қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық жобаларға айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет. Жалпы, өңірімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінгі тарихи-танымдық экспедиция соның айқын дәлелі. Қасиетті Әулиеата өңірі тұнған тарих. Мұнда ежелгі және орта ғасырлар тарихының адам сүйсінер және керемет таңданарлықтай тарихи ескерткіштер сақталып, бүгінгі күнге жеткен,- деді Серік Сәлемов.

Бұдан кейін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жастарға бата берді.

Осылайша экспедиция қатысушылары Бауыржан Момышұлы музейіне кіріп, тарихи жәдігерлермен танысты.

3 күнге созылатын экспедицияға волонтерлер, ЖРО мамандары, ассамблея жастары, аудандық, ауылдық мектептердегі тарих пәнінің мұғалімдері, әртүрлі салада жұмыс істейтін жастар қатысуда.

Айта кетейік, шара аясында жамбылдық жастар Бауыржан Момышұлы атындағы музейі, Ақыртас кешені, Құлан қалашығы, Меркі қалашығы, Қарасай петроглифтері, Т.Рысқұлов аудандық тарихи музейі, Меркі үңгірі, Меркі аудандық тарихи музейі, «Меркі сегіз» петроглифтерінің тарихымен танысады.