2024-2025 оқу жылының аяқталуы: негізгі жетістіктер мен нәтижелер
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Оршыбеков Нұрбек Әбубекұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 2024-2025 оқу жылының аяқталуы: негізгі жетістіктер мен нәтижелер тақырыбында өткен жиында басқарма басшысы оқу жылындағы атқарылған жұмыстар мен оқушылардың жеткен жетістіктері туралы баяндады.
Нұрбек Әбубекұлының айтуынша, биылғы оқу жылын облыс бойынша 523 орта білім беру ұйымында 247 422 оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 23 462 оқушы 9-сыныпты бітірсе, 14 570 түлек 11-сыныпты тәмамдап, жаңа өмір кезеңіне қадам басуда.
«1–10 сынып оқушылары үшін соңғы сабақ күні – 23 мамыр. Бұл күні барлық мектептерде «Білімім — Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді», – деді білім басқармасының басшысы.
Биыл 9-сынып оқушылары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында қорытынды емтихандар тапсырады. 11-сынып түлектері үшін мемлекеттік бітіру емтихандары 30 мамыр мен 16 маусым аралығында өтеді.
«11-сынып түлектері үшін 24 мамырда «Мектебім, саған мың алғыс» атты салтанатты шара ұйымдастырылады. Ал аттестаттарды тапсыру рәсімі 12–15 маусым аралығында өткізіледі», – деді Нұрбек Оршыбеков.
Оның айтуынша, бүгінде 714 оқушы «Алтын белгіге», 990 түлек үздік аттестатқа үміткер. Барлық үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын арнайы комиссия қарап, әділ шешім шығарады.
Облыстағы мектеп инфрақұрылымын дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. 2024 жылы өңірде 16 жаңа білім нысанының құрылысы аяқталып, үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесі шешілді.
«Мектептерімізге 285 жаңа пәндік кабинет, 22 STEM зертханасы, 21 робототехника кабинеті және 105 шеберхана сатып алынды. Бұл – балалардың практикалық білімін дамытуға үлкен мүмкіндік», – деді басқарма басшысы.
Конференция барысында облыс оқушыларының білім сайыстарындағы табыстары да айтылды.
«Республикалық ғылыми жобалар байқауында 35 оқушы жүлдегер атанды. Пәндік олимпиадаларда 32 оқушымыз жеңімпаз атанып, Жамбыл облысы «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді», – деді Нұрбек Оршыбеков.
Сонымен қатар, «Мың бала» ұлттық олимпиадасында үш жыл ішінде 357 ауыл оқушысы жеңімпаз атанып, 268-і мамандандырылған мектептерге қабылданған.
Облыста 42 колледжде 28 219 студент білім алуда. Биылғы жылы 7 248 түлек еңбек нарығына шығуы жоспарланып отыр.
«Мемлекеттік тапсырыс көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 1136 орынға артып, 7656 орынға жетті. Студенттердің шәкіртақысы екі есеге өсіп, 43 574 теңгеге дейін жетті», – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, 2025–2027 жылдары өңірде жүзеге асатын ірі инвестициялық жобалар аясында шетелдік колледж филиалы ашылмақ. Бұл қадам білікті кадрлар дайындауға жол ашады.
Баспасөз конференциясында айтылған мәліметтер Жамбыл облысында білім беру саласының тұрақты даму үстінде екенін көрсетті. Инфрақұрылымның жаңаруы, педагогтерді қолдау, оқушылардың жетістіктері мен кәсіптік білімнің дамуы – білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруде маңызды рөл атқаруда.
«Бұл – жүйелі жұмыстың, ұстаздардың табанды еңбегі мен оқушылардың білімге деген құлшынысының нәтижесі», – деп қорытындылады баяндамасын Нұрбек Әбубекұлы Оршыбеков.