Жаңалықтар

Жамбыл облысында шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары

Жамбыл облысында шомылу маусымы жалғасуда. Осыған орай, су айдындарында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Аймақта 117-ден астам су айдыны орналасқан.

Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, жаппай демалысқа арналған 13 ресми су аймағы анықталды. Бұл аумақтарда 9 коммуналдық және 4 жекеменшік жағажай жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 8 стационарлық және мобильді бақылау бекеттері ұйымдастырылды.

2025 жылдың басынан бастап республика бойынша 33 адам суға кетіп, олардың 13-і – балалар. Шомылу маусымында 19 адам (соның ішінде 7 бала) қаза тапты. Жамбыл облысында ағымдағы жылы судағы қайғылы оқиғалар тіркелген жоқ, 6 адам құтқарылды.

Алдын алу шаралары барлық аудандарда қамтылды:

  • 1000-нан астам рейд өткізілді;
  • 383 ескерту және тыйым салатын белгілер орнатылды;
  • 10 000-нан астам үгіт-насихат материалдары таратылды;
  • 250 волонтер жұмылдырылды;
  • 34 бейнеролик, 49 телебағдарлама, 65 мақала жарияланды;
  • 60 интерактивті сабақ пен 60 халықпен кездесу ұйымдастырылды.

Рейд барысында 88 құқықбұзушылық анықталды, ҚР ӘҚБтК-нің 364, 412 және 440-баптары бойынша жалпы сомасы 595 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Су айдындарындағы оқиғалардың негізгі себептері — тыйым салынған жерлерде шомылу, мас күйінде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру.

ТЖД ескертеді:

  • тек жабдықталған жерлерде шомылыңыз;
  • балаларды жалғыз қалдырмаңыз;
  • мас күйде суға түспеңіз;
  • судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыз.