Жаңалықтар

Жайлы өмірге жасалған қадам: Жамбыл облысындағы 282 елдімекен табиғи газға қосылған

Жамбыл облысында 282 елді мекенге газ берілген. Ал жыл соңына дейін тағы 10 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Аймақта 2025-2026 жылдарға арналған күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары  кестеге сәйкес орындалуда. Нәтижесінде көрсеткіш 46 пайызды құрап отыр. Өткен жылы өңірде 8 елді мекенге табиғи газ берілген. Биыл жыл соңына дейін тағы 10 ауыл-аймақты көгілдір отынмен қамтамасыз ету жоспарлануда. Мәселен, Таласта -2, Жуалыда – 4, Жамбылда -3, Қордай ауданында -1. Облыста  газдандыру деңгейі 91,3пайызға жетіп отыр.

Ал, Тараз қаласының іргесінде жатқан Жамбыл ауданында 31 елді мекеннің  27-і табиғи газбен қамтылған. Бүгінде ауданда Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Сеңгірбай сынды ауылдарға көгілідір отын кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Газ тарту жұмыстары толық аяқталса, 100 пайыз халық газбен қамтылмақ.

«Қазіргі таңда 35 елді мекенде құрылыс және газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ауқымды жобалардың бірі – Мойынқұм ауданын газдандыру. Бұл жоба 7 кезеңнен тұрады. 2024 жылы республикалық бюджеттен 18,5 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде біз 2024 жылы 2,8 миллиард теңгені игеріп, Айдарлы, Бірлік, Биназар ауылдарынан бастап, жалпы ұзындығы 13,6 шақырым газ құбырын тарттық», – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің басшысы Қазбек Қыдыров.

Жамбыл облысын толық газдандыру 2027 жылға дейін жоспарланып отыр. Алайда бұл жұмыс республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға тікелей байланысты екенін мамандар атап өтуде.